Стационарлы полиция бекеті камералар және дыбыс зорайтқыш құрылғыларымен қамтамасыз етілген.
Төлеби ауданының әкімі Бауыржан Омарбековтің бастамасымен Ленгір қаласында стационарлы полиция бекеті ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бекет орталық автовокзалдың алдында орналасқан. Стационарда бейне камералар арқылы бақылап отыратын және дыбыс зорайтқыш құрылғылар қойылған. Тұрғындарға көрінетін, еркін түрде кіруге мүмкіндік беретін, халық пен полиция қызметкерлерінің қауіпсіздік талаптарына сай жағдайлар жасалған.
Бұл бекеттер арқылы полиция учаскелік инспекторлары тәулік бойына өздеріне бекітілген аумақтарда азаматтармен тығыз қарым-қатынаста болып, полицияның халыққа қажет жағдайда дереу көмекке келуіне, құқықбұзушылықтардың барлық түріне дереу әрекет етуге жол ашады.
"Аудандағы халық ең көп шоғырланған жер болғандықтан, кептеліс көп болады. Сондықтан бақылау жақсы болу үшін, әрі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін стационар бекетін автобекеттің маңына орналастырдық. Бекетте жұмыс істеу үшін толық мүмкіндік жасалған. Базар жаққа қатысты аумаққа 2 камера орнатылған. Оны стационардың ішінен бақылап отыруға болады. Камералар түндеде түсіріп, ақпарат беріп тұрады",- деді стационардың жұмысымен таныстырған Төлеби аудандық полиция бөлімінің басшысы Бауыржан Жанаев.