ТҮРКІСТАН: Төлебидегі демалыс аймақтарына баратын жолдар жөнделді

0
746

Жол таңбалары сызылып, тиісті жол белгілерімен қамтылды.


ТҮРКІСТАН: Төлебидегі демалыс аймақтарына баратын жолдар жөнделді

Төлеби ауданындағы демалыс аймақтарға апарар жолдар жөндеуден өткізілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы облыстық маңызы бар жолдардың жөндеу жұмыстарын негізгі 3 бағытта іске асыруда. Мәселен, Төлеби ауданындағы жалпы ұзындығы 18 шақырымды құрайтын туристік бағыттағы 3 жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, облыстық маңызы бар КХ-31 «Қасқасу қысқы демалыс аймағы» автомобиль жолының 10,2 шқ және КХ-170 «Біркөлік санаториясына кірме жол» автомобиль жолының 6,2 шақырымы жөндеуден өткізіліп, пайдалануға берілді.


Бекітілген сметалық кұжаттамаға сәйкес, ескірген асфальт жабыны толығымен жаңартылып, аяқ жолдар салынды. Сондай-ақ, таулы аймақтарда көліктердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында темір дөңгелекқағарлар және елді мекендерге диодты жарықтандыру шамдары орнатылды.


Бұдан бөлек, жол таңбалары сызылып, тиісті жол белгілерімен қамтылды. Таулы аймақта жауын-шашын кезінде асфальт жабындысын су шаюдан сақтау мақсатында 14 жерде су өткізгіш құбырлар ауыстырылып, суағарлар орнатылды. Айта кетейік, бұған дейін облыстық маңызы бар КХ-93 «Кеңесарық-Қасқасу - Майбұлақ» (1,6 шқ) автомобиль жолы жөндеуден өтіп, пайдалануға берілген болатын.