Оқиға Төлеби ауданында орналасқан ИЧ-167/9 қауіпсіздігі жоғары түзеу мекемесінде болған.
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Түркістан облысында түрмедегі ағасына есірткі мен ұялы телефонын жасырын бермекші болған ер адам әшкере болды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Түрмеде жазасын өтеп жүрген ағасымен кездесуге келген жігіт өзімен бірге тыйым салынған "базарлық" ала келген. Аяқ киімнің ұлтарағының астына ұялы телефон мен құлаққап, флешкарта мен SIM картасын тығып қойған. Онымен қоса қағазға оралған есірткі тектес жасыл түсті зат жасырған. Мұның барлығын байқатпау үшін аяқ киімнің ұлтарағын қалың тігіспен тігіп қойған.
Түзеу мекемесінің қызметкерлері қауіпсіздік бөлмесінде тексеру барысында жігіттің жасырын "базарлығын" әшкере еткен. Ұлтараққа жасырылған 3 грам ұнтаққа арнайы сарапатама тағайындалып, нәтижесінде марихуана екендігі анықталды.
"Аталған жәйт сотқа дейінгі тергеп тексеру бірыңғай тізіліміне енгізілді. Мән-жайды анықтау нәтижесінде сотталушыға тыйым салынған заттарды жасырын бермек болған туыс келушінің үстінен қылмыстық іс қозғалуы мүмкін," - деп мәлімдеді Түркістан облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметі.