Азаматтарға құқықтық кеңес беріліп, тұрғын үй мәселесінің заңнамалық нормалары түсіндірілді.
Төлеби ауданының әкімі қоғамдық қабылдау өткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Төлеби ауданының әкімі, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиал төрағасы Төлеген Тұртайұлы қоғамдық қабылдау өткізді. Қабылдауға келгендер жер, тұрғын үй, ауызсу мәселесін көтерді.
Мәселен, Ленгір қаласының тұрғыны Раушан Жақсылықова 2013 жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрғанын, қазіргі кезде әпкесі екеуі жалдап отырған пәтерінен үй иесі босатуды талап етіп, қала аумағынан тұратын баспана іздеп жүргенін айтып, алдағы уақытта тұрғын үй мәселесін шешуге көмек сұрады. «Ақбура» киелі орындағы шипалы ауыз судың қараусыз қалғанын тілге тиек еткен Гүлманат Байзақова бұлақ басын қоршауға алып, оны су қорғау аймағына тіркеу қажеттігін айтты. Құралай Ануарбекова бүгінде көпбалалы ана екенін, тұрғын үй кезегінің санатын ауыстыру бойынша кеңес сұрады. Зағамбар елді мекен тұрғыны Ерман Майлыбаев жылыжай салып, бау егуді жоспарлап жүргенін айтып, «Ащы» су қоймасының мәселесін сөз етті. Бірінші Мамыр ауылында тұрғын үй құрылысын жүргізген Алма Архабаева өз үйіне өтетін жол салу үшін жер учаскесі қажет екендігін айтты.
Қабылдауға келген азаматтар өздерінің көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, оларға тиісті бөлімдерден келген лауазым иелері жауап берді. Негізінен көтерілген мәселелер аудан әкімдігінің бақылауында екені және алдағы уақытта бұл көтерілген жайттар өз кезегінде ретімен шешілетіні айтылды. Қоғамдық қабылдау жұмысы барысында барлық өтініш білдірген азаматтарға құқықтық кеңес беріліп, тұрғын үй мәселесінің заңнамалық нормалары түсіндірілді.