ТҮРКІСТАН: Төлебиліктер күн сайын Шымкентке 40-50 литр қымыз жібереді

0
972

Тұрақты тұтынушылары бар.


ТҮРКІСТАН: Төлебиліктер күн сайын Шымкентке 40-50 литр қымыз жібереді

Төлеби ауданы, Қоғалы ауылдық округінде елімізге танымал «Диханкөл қымызы» өндіріледі, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бүгінде Төлеби ауданы, Қоғалы ауылдық округінің құрамына үш ауыл, атап айтқанда Алшалы, Диахкөл, Ұзынарық ауылдары еніп, орталығы – Ұзынарық ауылы болып белгіленген. Қоғалы ауылында басы Қоғалы шатқалынан басталып, Диханкөл ауылын кесіп өтіп, Ұзынарық суына қосылатын өзен бар. Ауыл халқының негізгі күн көрісі – мал шаруашылығы. Округ тұрғындарының басым бөлігі, ірі қара және жылқы малын бағады. Сондықтан, Диханкөл ауылында елімізге танымал «Диханкөл қымызы» өндіріледі.


Диханкөл ауылы – Өгемтау, Қаржантау, Қазығұрт таулары баурайында орын тепкен. Ол көз тоймас табиғатымен кез келген жанды баурайтын көрікті мекен. Ал, ауылдың атақты «Диханкөлдің қымызы» бұл күнде брендке айналып кеткен. Қырық түрлі дертке ем тіл үйірер қымызды қазір өзге елдерден арнайы іздеп келіп дәмін тататындар да бар.


Толтебаев Аймахан есімді ауыл тұрғыны колхозда малшы болып жұмыс атқарған уақытында 100 жылқы бағып, бір жылда 100 жылқыдан 100 құлын алған. 30 биені үйінде сауып, «Біркөлік» демалыс орнын, май шығаратын зауытты және Шымент қаласының көптеген жерлерін Диханкөл қымызымен қамтып отырған. Соның арқасында «Диханкөл қымызын» танымал еткен.


Бүгінде ауыл тұрғындарының басым бөлігі қымыз шаруашылығымен айналысады. Осы ауылдағы 300-ден астам отбасын асырап отырған берекелі кәсіп. Әр үйде кемінде 4-5 бие бар. Әр үй Шымкентке күнделікті 40-50 литр қымыз жібереді. Өздерінің тұрақты тұтынушылары бар.


Қазіргі таңда елімізде саумал терапиясы қарқынды дамып жатқанын ескерген жеке кәсіпкер Нұрболат Абилдаев осы мақсатта Диханкөл елді мекенінен 23 адамға арналған емдеу-сауықтыру орталығын іске қосты. Саумалмен емделушілер еліміздің батыс өңірінен арнайы келіп, орталықта тынығып, ем алуда. Демалушыларға емдік өнімді әзірлеу үшін 5 бас бие сауылады. Қымызбен емдеудің бір курсы он күнді құраса, әрбір адам күніне бір литр саумал ішуі тиіс екен. Саумал – жаңа сауылған бие сүті. Одан қымыз ашытылады. Кейде суытып, қымыздың қорына қосылған сүтін «саумал» деп те атайды. Қымыз ішіп, дертіне дауа тапқандар орталықта үш мезгіл тамақ, 4 мезгіл саумал ішіп, тынығуда. Сауықтыру орталығында 10 бөлме болса, қазіргі кезде оны кеңейту жұмыстары жүргізілуде.


Округке қарасты елді мекендерде инфрақұрылым тарту жұмыстары да жүйелі түрде атқарылуда. Былтырғы жылы Диханкөл, Ұзынарық, Алшалы елд мекендерінде ауыз су құбырларын ағымдағы жөндеуден өтіп, ұңғыма қазу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, округ аумағына табиғи газ құбырлары тартылып, құрылыс жұмыстары 2022 жылы бітіп, нысан пайдалануға беріледі. Жыл соңында үш ауыл көгілдір отынға қосылады.