ТҮРКІСТАН: Түлкібас ауданын дамыту жолдары талқыланды

0
75

Облыс әкімі аймақты дамыту бойынша нақты тапсырмалар берді.


ТҮРКІСТАН: Түлкібас ауданын дамыту жолдары талқыланды

Дархан Сатыбалдының төрағалығымен аудан, қалалардың даму жоспарын талқылап, бекіту жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен аудан, қалалардың даму жоспарын талқылап, бекіту жұмыстары жалғасуда. Бүгін Түлкібас ауданының әкімі Нұржан Ізтілеуов ауданның 2025-2030 жылдарға арналған «Экономикалық өсуді қамтамасыз ету бойынша» стратегиялық бастамаларды жүзеге асыратын жол картасының негізгі бағыттары мен көрсеткіштерін баяндады.


Даму тұжырымдамаларына қатысты экономика, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, туризм салаларын дамытып, жұмыспен қамту үшін тиісті басқарма басшыларының ұсыныстары қаралды.


Облыс әкімі аймақты дамыту бойынша нақты тапсырмалар берді. Зауыт, фабрикалар ашуға күш салуды, тұралап қалған өндіріс орындарын қайта жандандыруды тапсырды.


– Әр ауданды дамытуда барлық мүмкіндікті пайдаланған дұрыс. Басты талап – ауылды көтеру керек. Дамытып, көркейту керек. Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін жүйелі түрде жұмыс жүргізген дұрыс. Алда атқарылар жұмыстардың нақты жоспары бекітіліп, сол жұмысты күшейту қажет. Түлкібас ауданында да жұмыстарды ширату керек. Жаңа жобалар жеткіліксіз. Әлі де тиісті деңгейде емес. Жұмыс барысында жүйелі ұстаным болуы қажет. Инфрақұрылымы дамыған бұл аймаққа кәсіпкерлер ұмтылатындай жағдай жасалуы тиіс. Ол үшін әкім ішкі және сыртқы инвестициларды тартуда үздіксіз жұмыс істеуі керек. Табиғаты қолайлы аймақта әлі күнге тристерді тартатын жобалар жеткіліксіз, – деді Дархан Сатыбалды.


Аудан әкімінің баяндауынша, Түлкібас ауданын дамыту үшін ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, кәсіпкерлік және туризм бағытында жұмыс атқарылады. Ол үшін инвестиция тартып, жаңа технологияларды ендіре отырып өнімділікті арттыру, жұмыссыздық деңгейін төмендету басым бағыт ретінде таңдалып отыр.


Өткен жылдың қорытындысымен жалпы өңірлік өнім 99,5 млрд. теңгеге жеткен. 20 млрд. теңге инвестиция тартылған, биыл оның көлемін 35,8 млрд. теңгеге дейін арттыруды жоспарланған. 2024 жыл 8 айдың қорытындысымен өнеркәсіп өнімінің көлемі 11,3 млрд. теңгені құрады.


2030 жылға дейін 400 млрд. теңгеден асатын 100-ге жуық жаңа жоба жүзеге асып, 3 мыңнан астам жұмыс орны ашылмақ. Өнеркәсіпті дамыту үшін жалпы инвестициялық құны 327,2 млрд. теңгені құрайтын 13 жобаны іске асыру жоспарлануда. 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылмақ. Ауыл шаруашылық саласында инвестициялық құны 29,6 млрд. теңгені құрайтын 14 жобаны іске асырып, өнім көлемін 158,3 млрд. теңгеге дейін жеткізу жоспарланған.


Түлкібас ауданында «Beibars Bottlers» ЖШС ауыз су және түрлі-түсті сусындар өндірістік зауыты іске қосылады. Сондай-ақ ұн диірмені, консерві зауытын қайта құрылымдау, концентрат және шырын құю цехы, кірпіш зауыты, каустикалық сода, ПВХ, кальций карбиді, әк өндіру, қуаттылығы жылына 4 мың тонналық жеміс өндеу цехы өз жұмысын бастамақ.


«Түлкібас» индустриалды аймағының аумағында құс фабрикасының, балықты кірпіш зауыты, қуаттылығы 320 МВт газ турбиналы электр станциясының құрылысы жоспарланған.


Қарқынды алма бау, балық шаруашылығы, жеміс-жидектерін қайта өңдеу, құрама жем өндіру зауыты, сүтті бағыттағы асыл тұқымды ірі қара мал шаруашылығы саласында жаңа жобалар жоспарланған.

Бөлісу