ТҮРКІСТАН: Түлкібаста 10 жаңа нысан пайдалануға берілді

0
2 357

9 нысанның құрылысы биылғы жылға өтпелі.


ТҮРКІСТАН: Түлкібаста 10 жаңа нысан пайдалануға берілді

2020 жылы Түлкібас ауданында ауқымды құрылыс жұмыстары атқарылған, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Өткен жылы Түлкібас ауданында жалпы 19 нысанның құрылыс жұмыстары іске асып, 10 нысан ел игілігіне пайдалануға берілген. Ал, 9 нысанның құрылысы биылғы жылға өтпелі.

Мәселен, елді мекендерде халық санының артуына байланысты Шақпақ баба елді мекеніндегі Бреусов мектебінің жанынан 200 орындық заманауи білім ошағы, Түлкібас кентіндегі Щевцов және Жыланды елді мекеніндегі Кошевой мектебінің жанынан 150 орындық қосымша ғимарат бой көтерген. Ал, Абай елді мекеніндегі Алтынсарин, Сеславино елді мекеніндегі Сеславино және Мыңбай ауылындағы Жамбыл мектебінің жанынан салынып жатқан 150 орындық ғимарат құрылысы биыл аяқталады деп жоспарланған.

Сонымен қатар, Балықты ауылдық округі мен Састөбе және Түлкібас кенттерінің шегінен жер кезегіндегі тұрғындардың өтінішін қанағаттандыру мақсатында 143 гектарды құрайтын 673 жер теліміне қажетті инфрақұрылым жүргізу жұмыстары қарқын алған. Аталмыш Түлкібас және Састөбе кентіне электр бағаналарын орнату жұмыстары толығымен аяқталып, Балықты елді мекеніндегі жұмыстар 85 пайызға жеткен.

Су жүйесін жүргізу бойынша қазіргі таңда Балықты ауылдық округіндегі 53,8 гектар жердің (396 жер телімі) 90 пайызы, Түлкібас кентінде 34,6 гектар жердің (127 жер телімі) 55 пайызы аяқталған. Айта кетерлігі, тұрғын үй құрылысы бойынша өткен жылы аудан орталығында 24 пәтерлі көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілсе, Састөбе кентіндегі 64 пәтерлі көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы биылғы жылға өтпелі.