Тау тұлға бүгінде 90-нан асты.
Түлкібас ауданында «Құт мекенге танымал тұлға» тақырыбында кеш өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түлкібас ауданындағы Ақсу-Жабағылы ауылдық кітапханасында «Түркістанның таңдаулы туындысы» акциясы аясында «Құт мекенге танымал тұлға» тақырыбында кеш өтті. Кеш барысында оқырман қауым көрнекті ғалым, абайтанушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының және «Түркі әлеміне қызмет» халықаралық сыйлығының иегері Мекемтас Мырзахметовпен кездесті.
Аталмыш шараға Ақсу-Жабағылы ауылының әкімі Ержан Меңлібеков, Тараз қаласынан кеш кейіпкерінің шәкірттері, Келес, Сарыағаш және Түлкібас ауданының құрметті азаматы Өміртай Қалықұлов, Түлкібас ауданының құрметті азаматы, белгілі сатирик Алпысбай Боранбаев қатысты.
Шара барысында сөз алған облыстық «Farab» кітапханасының директоры Жанат Шардарбекова кеш қонақтарына жылы лебізін білдіріп, облыстық мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаевтың сый-сияпатын табыстады. Мектеп оқушылары кеш кейіпкерінің өлеңдерін оқып, шығармаларын орындады. Ал олар сахналаған әсерлі көрініс мазмұнды шараны қорытындыланды.
Мекемтас Мырзахметұлы 1930 жылы 9 мамырда Түркістан облысы, Түлкібас ауданы, Майтөбе ауылында туған. Ашаршылық заманымен тұспа-тұс келген балалық шағында аман қалуы сол заманның келбетін, қазақтың тағдырын көрсетеді. Өзінің айтуынша, әкесі Мырзахмет 1933 жылы дүниеден өткен соң, ашаршылық жылдары қасқырларға тап болып, анасы шарасыздықтан қарындасын қасқырларға қалдырып кеткен. Осылайша аман қалған тау тұлға бүгінде 90-нан асты.