Жергілікті тұрғындар арасында «тақта көпір» деп аталып кеткен.
Түлкібаста жаңа көпірдің лентасы қиылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түлкібас ауданы, Балықты ауылдық округіне қарасты Абай ауылының батыс қақпасынан жаңа көпір пайдалануға берілді. Ашылу рәсіміне аудан әкімі Нұрлан Байғұт пен аудандық мәслихат хатшысы Сәдуақас Сейсенбаев қатысып, ауыл қарияларынан бата алып, көпірдің лентасын қиды. Алғашқы көліктерді жүргізіп, көпірдің сапалы екеніне көз жеткізді.
Бұл көпір жергілікті тұрғындар арасында «тақта көпір» деп аталып кеткен. Себебі, кезінде бір іздік қана көпір болған. Ең әуелі ауыл тұрғындарының қолынан ағаштан жасалған көпір Кеңес үкіметі кезінде жөндеуден өткен. Алайда, уақыт өте келе ескірген. Ауыл таулы аймақта орналасқандықтан, қысы суық, боранды келеді. Сондай сәттерде ауылға келетін көліктерге аса қиындық туғызатын көпірге бір ғана көлік сиятын. Қазіргі таңда жаңа көпірден екі көлік кедергісіз өте береді.
«Су тіршілік көзі болса, көпір ел мен елді жалғайтын өткел. Жаңадан пайдалануға беріліп отырған көпірден тек жақсы жаңалыққа жол ашылсын. Заманауи жаңа үлгіде салынған көпір ауыл тұрғындарының игілігіне жұмсалсын. Тұрғындар атынан облыстық автомобиль жолдары басқармасы мен мердігер мекемеге қысқа мерзімде көпір құрылысын аяқтағаны үшін алғысымды білдіремін. Айта кетейін, толықтай жөндеу көрген көпірдің ені 12 метр, ұзындығы 24 метр. Енді бұрынғыдай көлікпен қатынаған кезде қиындық көрмейтін боласыздар»,- деп аудан басшысы өз тілегін жеткізді.