ТҮРКІСТАН: ​Түлкібастық 228 азамат жаңа мамандық иесі атанды

0
951

«Грант» оқу орталығында қысқа мерзімді кәсіптік оқуды аяқтаған азаматтарға куәлік табысталды.


ТҮРКІСТАН: ​Түлкібастық 228 азамат жаңа мамандық иесі атанды

Түлкібас ауданында «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы аясында 228 азамат жаңа мамандық иегері атанды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында бірінші басымдықтың үшінші кешенді міндеті – еңбек нарығын жаңғырту. Халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және азаматтарды жаппай кәсіпкерлікке ынталандыру мақсатында 2017 жылдан бастап барлық өңірлерде «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы» жүзеге асырылып келеді.

Осыған орай, бүгін Түлкібас ауданына қарасты «Грант» оқу орталығында қысқа мерзімді кәсіптік оқуды аяқтаған 228 азаматқа куәлік тапсыру рәсімі өтті.

Биылғы жылы бұл бағытта ауданда бағдарламаның бірінші бағыты – «Бағдарламаға қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету» бойынша 7 оқу орындарына 8 мамандық бойынша 348 адам жолданып, соның ішінде 120 азамат республикалық бюджеттен, ал 228 азамат ұлттық қордан қаржыландырылып, оқуларын толық аяқтады.

Өз кәсібін ашам деген азаматтарға үлкен мүмкіндік туғызып отырған бұл бағдарлама бүгінгі таңда ауданның жұмыссыз жүрген жастары мен көп балалы аналар үшін қолдауға ие дүние болып тұр. Былай дейтініміз бағдарламаға қызығушылық танытқан 348 аудан азаматтарының 125-і 29 жасқа дейінгі жастар болса, 85-і көпбалалы аналар, қалған 138-і өзге санаттағы жұмыссыз азаматтарды құрап отыр.

Бүгінгі таңда қысқа мәрзімді кәсіптік оқуды оқыған 34 азамат мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, өз ісін ашты. Олардың ішінде 9 ірі қара мал бордақылау, 15 шаштараз және сәндік косметика, 10 аспаз және кондитер салалары бойынша өз кәсіптерін ашқан. Ал, 40 азамат тұрақты жұмыспен қамтылған. Алдағы уақытта қосымша 135 азамат қайтарымсыз грант алуға үміткер атанып отыр.