ТҮРКІСТАН: Тұрғындардың өтініштерін орындау – жіті бақылауда

0
616

Мәжілісте осы бағыттағы жұмыстар мен жоспарлар талқыланды.


ТҮРКІСТАН: Тұрғындардың өтініштерін орындау – жіті бақылауда

Түркістан облысында халықпен кездесуде көтерілген мәселелер мен айтылған ұсыныстардың орындалуы қатаң бақылануда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Елімізде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде өтініштерді қараудың жаңа форматын қалыптастыру бойынша жұмыстар жалғасып жатыр. Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, облыс, республикалық маңызы бар қала әкімдері жарты жылда бір рет, аудан, қала әкімдері әр тоқсан сайын өңір тұрғындарымен кездесіп, кездесуден кейін тұрғындарды жеке қабылдап келеді. Халықпен кездесуде көтерілген мәселелер мен айтылған ұсыныстардың орындалуы қатаң бақылауда. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте осы бағыттағы жұмыстар мен жоспарлар талқыланды.


«Аудандар мен қалаларды аралау барысында тұрғындар түрлі мәселелерді көтерді. Бірінші кезекте сол өтініштер назарға алынып, жұмыс жүргізіледі. Дегенмен облыста инфрақұрылымды дамыту, құрылыс бойынша негізгі бағыттарды жүйелеп, сол жоспар бойынша жұмыс істеген жөн. Әрбір аудан, қала әкімдіктері мен жауапты басқармалар өз құзіреті шеңберінде елдің талап-тілегін қанағаттандыру жолында тиянақты іс атқаруы тиіс», – деді Дархан Сатыбалды.


Облыс әкімі аппараты басшысы орынбасары Рабиға Джексембаеваның айтуынша, аудан, қалаларда өткізілген жеке қабылдауларда тұрғындар тарапынан жер қатынастары (42 немесе 10,6%), тұрғын үй (39 немесе 9,8%), ауыл шаруашылығы (38 немесе 9,5%), білім беру (25 немесе 6,3%), инфрақұрылым (табиғи газ, ауыз су, электр жарығы) мәселесі (24 немесе 6%) жиі көтерілген. Жалпы жеке қабылдаулар барысында 400-ге жуық тапсырма беріліп, басым бөлігі орындалған. Бірқатары орындалу үстінде.


Облыс әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс және аумақтық даму бөлімі Мадияр Алипов тұрғындармен кездесулерде көтерілген тапсырмалардың орындалуы бақылауға алынғанын жеткізді. Тұрғындар тілге тиек еткен мәселелердің 170-і іс-шара жоспарына енгізіліп, басым бөлігі шешімін тауып келеді.