ТҮРКІСТАН: Түркия мен Қытайдан жасанды тыныс алу аппараттары әкелінеді

0
1 004

Облыстық мәслихат депутаттары қолдау білдіруде.


ТҮРКІСТАН: Түркия мен Қытайдан жасанды тыныс алу аппараттары әкелінеді

Түркістанда пандемияға қарсы «О2MIR» және «SHIPA» добалары басталды, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысында пандемия кезінде елге көмектесу мақсатында «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының ұйымдастыруымен "ӨМІР" және "ШИПА" атты 2 жоба басталды. Жаңа жобаны «Jas Otan» жастар қанаты және облыстық «Жастар ресурстық орталығы» жанынан құрылған «Jas Turkistan» еріктілер қозғалысы үйлестіріп жүргізеді. Бүгін Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының ғимаратында осы жобалар ресми түрде бастау алды.

Қазірдің өзінде қорға 10 миллион теңгеден астам қаржы жиналған. Бұл қаржының бір бөлігіне Түркия және Қытай елдеріне 50 жасанды тыныс алу аппаратына тапсырыс беріліп, олар алдағы аптада өңірге жеткізіледі.

Сонымен бірге әзірге 300 дәрі-дәрмек қорапшасын елге тарату көзделген. Әрбір дәрі қорапшасының құны 14-15 мың теңге көлемінде. Қорапша ішінде Түркістан облысы қоғамдық денсаулық басқармасы тарапынан ұсынылған, қазір белең алып отырған коронавирус пен пневмания сырқаттарының алдын алуға, емделуге арналған дәрілер мен құралдар бар.

Алғашқы екі жасанды тыныс алу аппаратын алуға демеушілік көрсеткен «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев бұл жобалар өңірдегі жас еріктілерді игі іске жұмылдырып отырғанын жеткізді.

«Қазір елімізде коронавирус індеті кең таралып, ел қиналып жатыр. Науқастар саны да артып келеді. Түркістан облысында COVID-19 расталған науқастар саны 2370-тен асты. Өкінішке қарай, жасанды тыныс алу аппараттары мен дәрі-дәрмек жетіспеушілігі де байқалып отыр. Сондықтан да партия бастамасымен өңірдің белсенді жастарынан құралған «Jas Turkistan» еріктілер қозғалысы құрылып, осы жобаларды бастап кетті. Облыстық қоғамдық денсаулық басқармасымен де бірлесіп атқарылады. Бұл игі бастамаға партия өкілдері, мәслихат депутаттары қолдау көрсетіп жатыр. Пандемиямен күресте, мұқтаж отбасыларға көмектесуде аталған жобалар тиімділігін көрсетеді деп сенемін. Осы қиын кезеңде елге көмектесуге барша азаматтарды атсалысуға шақырамыз»,– деді Б.Тәжібаев.

Жалпы бұл жобаға қазір облыстық мәслихат депутаттары – Нұралы Әбіш (5 млн. теңге), Алмас Салимов (1 млн. теңге), Жаңабай Ағабеков (1 млн. теңге), Мағауия Тұрысбеков (875 мың теңге), Қайнар Аббасов (767 мың теңге), Баймахан Сүлейменов (200 мың теңге) аударды. Сонымен бірге Жазира Ыдырысова (1 млн. 50 мың теңге) мен Инара Намазбаева (400 мың теңге) сынды ел жанашырлары да қаржылай қолдау көрсетіп отыр.

Өңірдегі волонтер жастар сонымен бірге ауруханалардағы науқастарға саумал мен қымыз және азық-түлік жеткізуді қолға алды.

Түркістан облыстық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Амалбек Өміртай мен «Jas Otan» жастар қанатының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Жансерік Жұман жобаларды жүзеге асыруға ауыл-аймақтардағы жастар да үлес қосатынына сенім білдіріп, сауапты іс тұтас облысты қамтитынын жеткізді.