ТҮРКІСТАН: Вакцинаны қайта салу жұмыстары басталды

0
705

Бұрын салдырған адамдарға да егіледі.


ТҮРКІСТАН: Вакцинаны қайта салу жұмыстары басталды

Түркістан облысында ревакцинациялау науқаны басталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.


Халыққа COVID-19 коронавирустық инфекциясына қарсы ревакцинациялау жүргізу туралы ҚР-ның Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің №49 қаулысы шыққан болатын. Азаматтарды ревакцинациялау жұмыстары осы қаулы негізінде жүзеге асырылады. Бүгін Түркістан облысында да ревакцинациялау науқаны басталды. Ревакцинация яғни, екпені қайта егу ең алдымен халықтың осал топтары – медицина қызметкерлері, әлеуметтік мекемлердің қызметкерлері мен контингенттері, 60 жастан асқан адамдар, мұғалімдер және құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне жүргізіледі. Бұл туралы Түркістан облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Нұрбек Садықбекұлы Нышанов айтып берді.


Оның айтуынша, вакцина салғаннан кейін ағзада шамамен үш апта өткенде коронавирусқа қарсы иммунитет пайда болады. Антидене вирусты анықтап, оған қарсы қалай күресу керегін біледі. Алайда, уақыт өткен сайын ағзадағы антидененің мөлшері азайып, вирусқа қарсы қорғаныс нашарлайды. Мұның алдын алу үшін тағы екпе алу керек. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ревакцинацияны кем дегенде жарты жылдан соң салдыру керектігін мәлімдеген. Және де қайта егу жұмыстарын дүниежүзіндегі алпауыт, дамыған мемлекеттер де қолға алып отыр екен.


«КВИ-ге қарсы ревакцинациялау мынадай аралықтарды сақтай отырып жүргізіледі. Мәселен алдын «Хаят Вак», «Каз вак», «Корона вак», «Синофарм» вакциналарын салдырғандар араға 6 ай уақыт өткенде және «Спутник V» вакцинасын салдырғандар арада 9 ай уақыт өткен соң вакцинаның кез-келген басқа түрімен ревакцинациялануға болады. Ревакцинациялау 1 ғана дозамен жүргізіледі. Осы тұста «Спутник V» вакцинасы компоненттерінің әр түрлі болуына байланысты ревакцинациялауға ұсынылмайтынын айта кету керек. Қазіргі таңда облысымызда халықты ревакцинациялау үшін «Каз Вак» вакцинасы жеткілікті мөлшерде. Отандық вакцина өзінің қауіпсіздігі мен тиімділігін дәлелдеген. Әлемде Covid-19 инфекциясын жеңудің бірден-бір жол вакцина салдыру екені дәлелденді. Сондықтан экономикасы мықты мемлекеттердің барлығы екпе алушылар контингенттерін кеңейту үстінде», - деді Нұрбек Садықбекұлы.

Айта кетейік, ҚР-да 15-қарашадан бастап жеткіншектерді, жүкті және лактация кезеңіндегі әйелдерді де вакциналау жұмыстары басталды. Түркістан облысына 15 қараша күні «Pfizer» вакцинасының алғашқы 29 250 дозасы келдсе, 19 қарашада 17 550 дозасы жеткізілген.