ТҮРКІСТАН: Ветеринариялық білім беру және қызмет көрсету орталығы ашылды

0
651

Украиналық сарапшылық компаниясымен бірлесіп жүзеге асыруда.


ТҮРКІСТАН: Ветеринариялық білім беру және қызмет көрсету орталығы ашылды

Түркістандық фермерлерге ветеринария саласындағы заманауи технологиялар мен инновацияларға қолжетімділік қамтамасыз етілмек, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысы Ордабасы ауданындағы "Бөрте Милка" ЖШС базасында бірегей жоба "Ветеринариялық білім беру және қызмет көрсету орталығы" іске қосылды. Жобаны Түркістан облысының Кәсіпкерлер Палатасы "Dairy Global Experts" украиналық сарапшылық компаниясымен бірлесіп жүзеге асыруда.

Орталықты құрудың негізгі мақсаты – сүт өндірісі саласында инновацияларды енгізу және еуропалық деңгейдегі тиімді бірыңғай ветеринариялық сервисті құру, тұқымдық түрлендіру және бірыңғай жем-шөп базасын құру.

"Сүт бағытындағы қызметті жүзеге асыратын ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін "бір терезеде" шетелдік мамандардан ветеринария саласындағы өз агроқұзыреттерін арттырып, оны тәжрибеде қолдануға бірегей мүмкіндік пайда болды. Қазір біздің алдымызда сүт өнімділігін және кәсіпорынның табыстылығын арттыру міндеті тұр» - деп атап өтті Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Тимур Нақыпбеков.

Айта кетейік, бүгінде мұндай орталықтар Ақмола облысында жұмыс істеуде. Өз кезегінде, "Гормолзавод" ЖШС директоры, Ақмола облысы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы Асен Жақсылықов Ақмола облысындағы орталық жұмысының тәжірибесімен бөлісті. Оның айтуынша, орталықтың жұмысы жақын маңдағы сүт фермаларына заманауи деңгейдегі ветеринарлық қызметтерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Ветеринариялық жұмыстардың барлық циклын оқытуды және жүргізуді "Dairy Global Experts" компаниясының сарапшылары жүзеге асырады. Бұл көпжылдық тәжірибесі бар, жыл сайын АҚШ, Германия, Польша, Канада, Израильде біліктілігін арттырудан, тағылымдамадан өткен мамандар.

Алдағы уақытта облысты толық қамту үшін басқа аудандарда да осындай орталықтар ашу жоспарлануда, бұл фермерлерге өздерінің агроқұзыреттерін арттыруға және ветеринариялық қызметтердің барлық спектрін алуға мүмкіндік береді.