​ТҮРКІСТАН: «Жастар жылына» орай Мақтааралда дүбірлі көкпар өтті

0
2 716

Көкпарда ептілігі мен арғымағының жылдамдығы есепке алынып, "Үздік шабандоз" анықталды.


​ТҮРКІСТАН: «Жастар жылына» орай Мақтааралда дүбірлі көкпар өтті

«Жастар жылы» аясында ұлттық ат спортын дамыту, елдімекендерде бұқаралық спортты дамыта отырып, жастардың ұлттық ойынымызға деген қызығушылықтарын арттыру мақсатында Түркістан облысы, Мақтаарал аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мен «Жеңіс» ауылы жастары ұйымдастырған көкпарға 150-ге тарта жас шабандоздар қатысты, деп хабарлайды өңірдегі ERNUR.KZ тілшісі.

Төрткүл дүниені мойындатқан қазаққа ғана тән, батыр бабалардан мирас болған асыл өнерді тамашалауға келген жұртшылықтың да қарасы қалың болды. Бабы мен бағы қатар шапқан шабандоздар арасындағы көпардың алғашқы он салымы мектеп оқушылары арасында өтсе, кейінгі сегіз салымға 20 жасқа дейінгі жігіттер қосылды. Онан кейінгі салымдар 29 жасқа дейінгі ат құлағында ойнаған көкпаршы жігіттердің жаппай көкпарына ұласты.

«Басы қайырусыз, аяғы жиюсыз жатқан қазақ елінің қанын қыздырып, жүрегіне от беріп, делебесін қоздырған дегдар ойын – көкпар заманына сай жаңғырып, жасарып қазақпен бірге жасап келеді. Ат спорты, жылқы жануарының қасиеті жайында Елбасымыз өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында да ерекше тоқталып кеткен. Сондықтан да біз өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, насихаттауға, дамытуға міндеттіміз», - дейді Сүндет Кенжебаев.

Тек қана жастар арасында өткен көкпар додасында өзгелерден ептілігі мен астындағы арғымағының жылдамдығы нәтижесінде көп салым салған Мақтажан елді мекенінің шабандозы Мұратбек Давенов «Үздік шабандоз» атанып, аудандық «Жастар ресурстық орталығының» басшысы С.Кенжебаевтың тағайындаған қаржылай жүлдесіне ие болды.