ТҮРКІСТАН: «Жасыл белдеуде» 400 мыңнан астам ағаш көшеті өсіріліп жатыр

0
1 041

Дархан Сатыбалды тұрақты суғару, күтім жасау қажеттігін айтты.


ТҮРКІСТАН: «Жасыл белдеуде» 400 мыңнан астам ағаш көшеті өсіріліп жатыр

Дархан Сатыбалды Түркістан маңындағы жасыл алқапты аралап, атқарылған жұмыстармен танысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан қаласында жасыл алқап көлемін ұлғайту жұмыстары жүзеге асуда. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды аталған саладағы жұмыстарды қадағалап, жауаптыларға тиісті тапсырмалар берді. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев пен орман саласының басшыларымен бірге «Жасыл белдеу» нысандарын аралап, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.


Ең алдымен өңір басшысы жалпы жер көлемі 268,0 гектарды құрайтын Қарашық өзенінің жоғарғы жағындағы Бірлік ауылына барды. Мұнда 2019-2020 жылдары мәдени екпе отырғызылған. Шамамен 350 мың данадан астам әртүрлі жапырақты ағаш көшеттері егілген. Бүгінгі таңда көнімділігі – 70-80 пайыз.


Одан соң жалпы ауданы 120,0 гектарды құрайтын орман тұқымбағында болды. Қазіргі таңда 33,0 гектар жерге 2022-2023 жылдары әртүрлі ағаш-бұта тұқымдары себілсе, оның 4 гектар жеріне тамшылатып суғару жүйесі орнатылған. Бүгінде 3 миллионнан астам сеппе көшеттері бар.


Жер телімдерін аралау барысы Қарашық өзенінің төменгі жағында қорытындыланды. 286 гектар аумаққа 2019-2021 жылдары мәдени екпе отырғызылған. Қазіргі таңда 400 мыңнан астам әртүрлі ағаш көшеттері өсірілуде. Жауапты басқарма басшысы өңір басшысына жер телімін алу мәселесіндегі түйткілдерді айтып, көшеттердің жерсінуі және көнімділігі ойдағыдай екенін атап өтті. Көнімділігі 65-70 пайызды құрайды.


Дархан Сатыбалды «Жасыл белдеудің» қазіргі жағдайымен танысып, жауапты сала мамандары мен ғалымдардың көмегімен бау-бақшалы, жасыл желекке айналдыру керектігін айтып, жұмысты сапалы және кемшіліксіз орындауды тапсырды. Тұрақты суғару, күтім жасау қажеттігін айтты. Бұл жұмыстар тұрақты бақылауда болады.