Жыл басынан бері осындай 27 жәйт анықталған.
Түркістан облысында заңсыз қиыршық тас өндірудің 4 жайты анықталды, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы ПД бастығының бұйрығын орындау мақсатында өңір аумағында полиция қызметкерлерімен табиғатты қорғау заңнамасы саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтарды, экологиялық қылмыстарды анықтау және жолын кесу бойынша жедел-профилактикалық және рейдтік іс-шаралар жүргізілуде.
Осы орайда Түркістан облысы ПД ЖПҚ қызметкерлері мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, табиғи ресурстарды заңсыз өндіру және браконьерлік деректерін анықтау мақсатында Сарыағаш және Қазығұрт аудандарында рейдтік іс-шараларды жүзеге асырды.
Жүргізілген рейдтер нәтижесінде тәртіп сақшылары Келес өзенінің жағасында заңсыз қиыршық тас өндіру жайтының жолын кесіп, 4 жүк көлігі мен 2 жүк тиегіш және экскаваторды айыптұраққа қойды. Жиналған материалдардың барлығы жағдайды анықтау үшін полиция бөліміне жіберілді.
"Қазіргі уақытта аталған жайттар ҚР ҚК-нің 334-бабы "жер қойнауын өз бетімен пайдалану" бойынша тіркелді. Күдіктілерге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде", - делінген полиция департаментінің хабарламасында.
Айта кетейік, жыл басынан бері Түркістан облысы ПД ЖПҚ табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері жер қойнауын өз бетімен пайдаланудың 27 жайтын анықтаған.