ТҮРКІСТАН: Жетісайда 400-ден астам отбасыға азық-түлік таратылды

0
932

295-і ерекше қамқорлықты қажет ететін отбасылар.


ТҮРКІСТАН: Жетісайда 400-ден астам отбасыға азық-түлік таратылды

Жетісай ауданында 422 отбасыға азық-түлік таратылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Халық» Қайырымдылық Қорының қолдауымен «Ел тірегі – Елбасы» атты акциясы жалғасын табуда. Еліміздің барлық өңірлерінде өткізіліп жатқан игі шараның бірінші кезеңіне Жетісай аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы қиын қаржылық жағдайға тап болған аз қамтылған, көпбалалы, сондай-ақ, ерекше қажеттіліктері бар балаларды өсіріп отырған 98 отбасы қатысса, екінші кезеңде қала, кент, ауылдық округтерден 146 отбасы қамтылған. Бұл жолы 422 отбасы қамтылса, оның ішінде 127 отбасы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Естайұлының бастамасымен қолға алынған «ҚАМҚОРЛЫҚ» бағдарламасы аясындағылар болса, 295-і ерекше қамқорлықты қажет ететін отбасылар. Әр отбасыға күріш, қарақұмық, ұн, макарон, өсімдік майы, бұқтырылған ет, қант, шай және тәттілер салынған 50 келіден азық-түлік қораптары үлестірілді.


«Өңірлердегі табысты кәсіпкерлер мен қайырымдылық ұйымдарының демеушілігімен бастау алған «Халық» Қайырымдылық Қорының «Ел тірегі – Елбасы» акциясы бүгінде қызу қолдауға ие болып, жалғасын тапты. Топтастырылған азық-түлік себеттері тағдырдың түрлі қиындықтарына тап болған отбасыларға үлестірілуде. Өзінде барды өзгемен бөлісіп, қолұшын созған азаматтарға айтар алғысымыз шексіз. Аталмыш шара арқылы қайырымдылықтың қазақы қанымызға сіңген қасиет екеніне тағы да бір рет көз жеткізіп отырмыз», - дейді Жетісай аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әділхан Әбжанов.


Атап өтсек, «Халық» Қайырымдылық Қоры Қамқоршылар кеңесінің шешімімен «Ел тірегі – ЕЛБАСЫ» акциясының бірінші кезеңінде республика бойынша 15 мың мұқтаж отбасылар қамтылса, екінші кезеңде 20 мың отбасы, ал, үшінші кезеңінде тағы 20 мың отбасы қамтылып отыр.


Айта кетейік, 2020-2021 жылдар аралығында Республикада аз қамтамасыз етілген, көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға 4 млн теңгені құрайтын 80 мың дана азық-түлік топтамасы берілсе, желтоқсан айында тағы 20 мың отбасыға 520 млн теңгенің 1 млн келінің азық-түлігі таратылуда.