Кездесуде күн санап қарқынды дамып келе жатқан әлеуметтік желілердің ұрпақ тәрбиесіне тигізер кері әсері жайында сөз қозғалды.
Жетісай аудандық «Нұғман» орталық мешітінде дін қызметкерлерінің семинар-кеңесі болып өтті деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Семинар-кеңеске арқау болған тақырып – қоғамдағы діни тұрақтылықты сақтау, діни экстремиз мен терроризмнің алдын алу мәселелері болды.
Аталмыш жиынға ҚазҰУ аға оқытушысы, Phd докторы Құдайберді Бағашаров пен М.Әуезов атындағы ОҚМУ доценті Ермек Бекбосынов, Жетісай ауданы мешіттерінің имам-молдалары қатысты.
Басқосуда жұмысшы топ мүшелері елдегі діни тұрақтылықты сақтауда атқарылып жатқан істердің барысымен таныстырып, жүзеге асырылып жатқан заңнамалық актілермер таныстырды. Ақпараттар берді.
Сонымен қатар, кездесуде күн санап қарқынды дамып келе жатқан әлеуметтік желілердің ұрпақ тәрбиесіне тигізер кері әсерлері, дін мен салт-дәстүр арасындағы ажырамас байланыстар, жастардың діни сауатсыздығының салдарынан жат ағымдардың жетегінде кетпеулері үшін мешіттердегі сауат ашу курстарын күшейту мәселелері де айтылып, ұсыныс-пікірлер тыңдалды.
«Дінаралық және ұлтаралық алауыздықтан сақтану, оны жас ұрпақтың санасына сіңіру – әрбір азаматтың адами борышы. Ал, бұл мәселеде дін қызметкерлерінің алар орны ерекше. Осы салада қызмет жасап, елдің тыныштығы мен бейбітшілігі үшін аянбай еңбек етіп келе жатқан ауданымызда ҚМДБ тіркелген 49 мешітте 60-қа тарта имам-молдаларымыз бар. Біздің бұл бағыттағы жұмыстарымыз тек мешіт қызметкерлерімен ғана шектеліп отырған жоқ, бұл істе жергілікті әкімдікпен де үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр»,- дейді Жетісай ауданының бас имамы Бекзат қажы Сыздықов.
Жиын соңында жетісайлық имамдар ашық пікір алмасып, еркін форматта семинар-кеңес өткізген ақпараттық топқа алғыстарын білдірді.