Қазірде мамандар тарапынан арнайы комиссия құрылып, өрттің шығу себептері мен келтірілген шығын көлемі анықталуда.
Жетісай ауданындағы мақта қабылдау пункттерінің бірінде өрт болып, қамбаға жиналған «ақ алтын» өртке оранды деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Түркістан облысы, Жетісай ауданы, Мақталы ауылдық округінің орталығы саналатын Мақталы ауылындағы мақта қабылдау пункттерінің бірінде орын алған өрт 23-қазан күні күндізгі сағат 15:00-дер шамасында басталған.
Оқиға куәгерлерінің айтуынша тілсіз жау пункт қызметкерлерінің жиналған мақтаны кептіру кезінде шыққан. Бір бунттан бастау алған жалын өрт сөндірушілердің көлігі келгенше екінші бунтқа өтіп үлгерген. Өртке оранған екі бунтта шамамен 200 тоннаға жуық кептірілген мақта болған.
Қазіргі таңда аталмыш өрт оқиғасына байланысты арнайы комиссия құрылып, келтірілген шығын мен өрттің шығу себептері анықталып, нақтылануда. Алдын ала жасалған болжам бойынша өрт өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталмауы салдары мен мақтаны кептіру құрылғыларының кейбір бөлшектерінің ескірсе де қолданылу кезінде пайда болған қысқа тұйықталудан шыққан.