Қазіргі таңда түйнектеп үлгерген.
Жетісайлық диқандар қауын егуді ақпан айының соңында-ақ бастап кеткен, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Жетісайлық диқандар ақпан айының соңында қауын егуді бастаған болатын. Соның ішінде Ынтымақ ауылдық округінде орналасқан «Nur Daut» шаруа қожалығыбүгінгі таңға дейін 28 гектарға қауынның ерте пісетін «Аэропорт» сортын еккен. Одан бөлек 30 гектарға қырыққабат егіп, олар қазіргі таңда түйнектеп үлгерген.
«Он жылдан бері осы диқаншылықпен айналысамыз. Негізгі күн көрісіміз – осы. Мұнда қазір 100 адам жұмыс істеп жатыр, жұмысшыларға күніне 3500 теңгеден еңбекақысын төлеп отырмыз. Құдай қаласа, 3 айдың көлемінде еккен егініміз пісіп, жетіледі. Егілген көшеттің үстін жауып, жауын-шашыннан қорғаймыз. Күтіп-баптауға үлкен мән берілуі керек», – деді шаруашылық төрағасы Жұлдызхан Нұрмахан.
Жалпы, Жетісай ауданы бойынша 78500 гектар аумаққа егіс егіледі. Биыл соның 48 мың гектарына мақта егу жоспарланған. Былтыр Жетісай ауданы бойынша 21 мың гектарға бақша дақылдары егіліп, тиісінше одан 600 мың тонна өнім алынған.
«Қазіргі таңда шаруаларға көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін 7 мың тонна жеңілдетілген жанар-жағар май бөлінді. Алдағы уақытта шаруаларға берілетін болады», – дейді Жетісай аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің бас маманы Нұртас Тұрсынбеков.