177 жалғызілікті және мүмкіндігі шектеулі қарттарға 33 әлеуметтік қызметкер әлеуметтік қызмет түрлерін көрсетеді.
«Қарттар күні» мерекесіне орай Жетісай аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде есепте тұратын 177 қарияға азық-түлік пен мерекелік тәттілер таратылды, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
1990-жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының қаулысымен «1 қазан – Халықаралық қарттар күні» болып жарияланды. Бұл мереке ұрпақтың қоғам өміріне қосқан үлесіне шынайы ризашылық білдіретін және ардагерлерге қамқорлық көрсететін ерекше күн.
Аталмыш мерекені Жетісай ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі ескерусіз қалдырмады.
Бөлім басшысы Әділхан Әбжановтың бастамасымен аудандағы жалғызілікті және мүгедек қарияларға сый-құрмет көрсетілді. Демеушілер есебінен арнайы азық-түлік себеттері жасалып, мерекелік тәттілер үйді-үйіне жеткізіліп берілді.
«Қарттарым асыл қазынам» атты қайырымдылық шарасына Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Ербол Жанғазиев қатысты. Көмекке мұқтаж қарттарға қолғабыс жасап жүрген әлеуметтік қызметкерлер мен елдің ынтымағы мен бірлігін сақтауда аянбай еңбек етіп келе жатқан ел ағаларына алғысын білдірді.
«Ардагер ата-апаларымыздың бойларындағы өмірге деген белсенділік пен ерік-жігер өскелең ұрпақ үшін үлкен өнеге. Бүгінде қоғамнан қол үзбей жастардың тәрбиесіне атсалысып, өмірден жиған тәжірибелерімен бөлісіп жүрген қарияларымыз да аз емес. Білмегенімізді үйретіп, ақыл-кеңестерін айтып келеді. Сол үшін де ол кісілерге үлкен алғысымызды айта отырып дендеріне саулық тілейміз», - деді аудан әкімінің орынбасары.
Өз кезегінде абыз қарттар Мырзашөл даласының кешегісі мен бүгінінен, тәуелсіз Қазақстан елінің қол жеткізген жетістіктерін айтып өз алғыстарын білдірді.
Бар жастық жігері мен күш-қайратын елінің ертеңіне арнап, аянбай еңбек еткен қарттарымыздың төл мерекелерін атап өтуде Жетісай ауданының ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ қызметкерлері де өз үлестерін қосты. Қариясы бар ел – қазыналы ел. Аталмыш шарада қарттарымызды құрметтеп, сый көрсетуде қолұшын созған бірқатар демеушілер алғыс хаттармен марапатталды.
«Қай заманда, қай қоғамда болмасын қарияның аты қария, орыны әрқашан да төрде болмақ. Біздің ол кісілерден үйренеріміз әлі көп. Сондықтан, қашан да болса ақыл-кеңестерінің құндылығын қадірлей білуіміз керек», - дейді Жетісай ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әбілхан Әбжанов.
Айта кетейік, бүгінде бөлімде есепте тұратын 177 жалғызілікті және мүмкіндігі шектеулі қарттарға 33 әлеуметтік қызметкер әлеуметтік қызмет түрлерін көрсетеді. Демеушілер есебінен азық-түлік пен заттай, «Мейірім-Шапағат» қайырымдылық дүкені тарапынан киім-кешек түріндегі көмектер де беріліп келеді.