ТҮРКІСТАН: Жездесін ұрған жігіт сотталып кете жаздады

0
1 197

Айыпталушы жігіт жездесі мен әпкесінің үйіне қонаққа келген.


ТҮРКІСТАН: Жездесін ұрған жігіт сотталып кете жаздады

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Жездесін ұрған жігіттің қылмыстық ісі Мақтаарал аудандық сотында қаралып, медиация тәртібімен қысқартылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Түркістан облысы Мақтаарал ауданының тұрғыны әпкесінің үйіне қонаққа келіп,отбасылық жанжал кезінде жездесіне қол жұмсаған. Содан кейін, жездесі мен қайнысы сөзге келіп, кикілжің соңы төбелеспен аяқталған. Туған әпкесінің жұбайымен жаға жыртысқан жігіт сот алдында жауапкершілікке тартылды. Оған ҚР ҚК-нің 107 бабы бойынша «Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру» бойынша айып тағылған. Ал, сотталушы Б. өзіне тағылған айыпты басты сот талқылауында толығымен мойындап, жасаған әрекетіне қатты өкінетінін айтқан.

Сонымен қатар, айыпты жігіт жәбірленушіден кешірім сұрағанын, медиатордың көмегімен татуласқандарын айтып жеткізген. Сондай-ақ, жәбірленуші жездесі де сот талқылауы кезінде өзіне қол жұмсаған қайнысын кешіргенін, өзіне келтірілген залалды толық өтегенін және медиатордың көмегімен татуласқанын айтып, соттан қылмыстық істі тоқтатуды сұраған.

«Сот іс құжаттарын зерттеп, ҚР ҚК-нің 68-бабына сәйкес, сотталушыны қылмыстық жауаптылықтан босатып, оған қатысты қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді тоқтатқан», -делінген Мақтаарал аудандық сотының хабарламасында.

Айта кетейік, қаулы заңды күшіне енген.