Сот айыппұл салумен шектелген
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды «Жібек жолы» кеден бекетіндегі жұмыстармен танысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
«Жібек жолы» кеден бекетінің жанында пайдаланудағы және салынып жатқан ретсіз, заңсыз құрылыстарды анықтап, құқық бұзушылықты жою бойынша жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде. Жыл басынан бері облыстық бақылау жөнінде басқармасымен 17 құрылыс нысандарында анықталған заң бұзушылықтар негізінде, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне сәйкес хаттамалар толтырылып, 4 млн теңгеден аса айыппұлдар салынды. Заңсыз құрылыс нысандарын бұзу жөнінде сотқа арыздар жолдануда. Алайда сот айыппұл салумен шектелген. Басқарма сот қаулысымен келіспей, прокуратураға қарсы пікір білдіруге хат жолдап жатыр. Заңсыздықты жою жұмыстары тоқтамайды.
Облыс әкімі шекара маңындағы инфрақұрылымды, қызмет көрсету орындарын реттеу, жолаушылар мен тұрғындарға қолайлы жағдай жасау, сапалы қызмет көрсету бағытындағы жұмыстарды тоқтатпауды тапсырды. Аудан әкімі мен жауапты басқармаларға, құқық қорғау органдарына тиісті тапсырмалар жүктеліп, ұсыныстар берілді. Өңірлік жедел штаб отырысы енді ай сайын өтеді.