Кәсіпкерлерге 716 788 теңге айыппұл салынған.
Түркістан облысының тұтынушыларына 54 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Биылғы 7 айда Түркістан облысының тұтынушыларына 54 миллион теңгеден астам қаражат, одан бөлек құны 10 млн теңгеден асатын сапасыз 2 автокөліктің құны толықтай тұтынушыларға қайтарылды. Тұтынушы құқығын және «Сауда қызметін реттеу» туралы Заңының баптарын бұзған кәсіпкерлерге 716 788 теңге айыппұл салынған.
Түркістан облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне осы мерзімде 988 өтініш келіп түскен. Оның 238-і жазбаша, 335 жедел желі арқылы болса, жеке қабылдаулардан – 391 өтініш. Жалпы алғанда өңір тұрғындарын бөлшек саудада сапасыз тауарлар сатып алу кезінде туындайтын мәселелер, тауарды айырбастау және қайтару мәселелері, тұрмыстық қызметтерді сапасыз ұсыну, жиһаз дайындау және жөндеу дұрыс қызмет көрсетпеу мәселелері көбірек алаңдатады.
Тұтынушылардың өтініштері негізінде кәсіпкерлік субъектілеріне 320 әкімшілік іс-қозғалған. Нәтижесінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар жасалып, айыппұлдар және ескертулер берілді. Халықтың құқықтық сауаттылығын дамыту мақсатында Департаментпен ақпараттық-түсіндіру сипатындағы 128 іс-шара өткізілді. Тұтынушылардың құқығын бұзудың алдын алу мақсатында мамандар тауар туралы ақпаратты, оның ішінде тауардың кепілдік мерзімі және жарамдылық мерзімі туралы ақпаратты мұқият зерделеуге, сатушының байланыс деректері және тауарды айырбастау/қайтару шарттары туралы ақпарат берілмеген күмәнді интернет-ресурстарда тауарға тапсырыстарды жүзеге асырмауға, тұтынушылар құқықтарының бұзылу фактісін дәлелдеу үшін фото-және бейнетіркеу жүргізуге кеңес береді.
Егерде өз құқығыңыздың бұзылғанын байқасаңыз, дүкен сөрелерінде тауар бағасы жазылмаған фактілерді анықтасаңыз немесе әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуі байқалса, я болмаса сапасыз қызмет алсаңыз Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне сол кәсіпкерге қатысты арыз-шағым білдірсеңіз болады. Ол үшін «жедел желі» нөмірлеріне (+7771 322 8282, +7700 606 0071, +7775 224 5616, +7707 347 3876), сондай-ақ электронды және жазбаша өтініштерді департаменттің мекенжайына (Түркістан қаласы, Жаңа қала мөлтек ауданы, 32 көше, 16 ғимарат, А корпусы, 427 кабинет), «Е-otinish» ақпараттық жүйесі арқылы жіберуге болады.