ТҮРКІСТАН: Жыл соңына 10 мың жетісайлық табиғи газбен қамтылады

0
913

112 елді мекеннің 56 елді мекені газбен қамтылған.


ТҮРКІСТАН: Жыл соңына 10 мың жетісайлық табиғи газбен қамтылады

Жыл соңына дейін Жетісайда тағы 10 мың тұрғын табиғи газ тұтынатын болады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Биылғы жылдың соңына дейін Жетісай ауданының тағы 5 елді мекеніндегі 10 мыңға тарта тұрғын көгілдір отынмен қамтылатын болады. Бұл бағыт бойынша аудан әкімінің тікелей бақылауында бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Ауданда бүгінгі таңдағы жағдай бойынша 112 елді мекеннің 56 елді мекені газбен қамтылған.


Аудан тұрғындарына қажетті мөлшерде газ жеткізіп беру, табиғи отын тапшылығын болдырмау мақсатында жалпы құны 2,5 млрд теңгені құрайтын Жаңа ауыл, Достық ауылдық округтеріндегі елді мекендерге жеткізуші газ құбырын салу жұмыстарына 2022 жылға 1 млрд 655 млн 935 мың теңге қаржы қаралып, толық игерілген болатын. Қазіргі таңда, жеңімпаз мердігер мекеме «Байсын-А» ЖШС құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуде.


Сонымен қатар, жалпы сметалық құны 2,067 млрд теңгені құрайтын Қарақай ауылдық округінде «Жетісай» АГТС, Ынтымақ ауылдық округінде «Кирово» АГТС нысандарын салу жұмыстарына тиісті қаржылар бөлініп, мердігер «БатысМұнайГазЖабдықтары» ЖШС тарапынан құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде.


«Бүгінде атқарылып жатқан жұмыстарға қоса Жаңа ауыл ауылдық округіне қарасты Әбдіхалық, Мырзашөл, Атақоныс елді мекендерін газдандыруға республикалық бюджеттен 181 млн 709 мың теңге бөлініп, мердігер мекемені анықтау мақсатында мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Нысан құрылысы 2024 жылға өтпелі», - дейді Жетісай аудандық тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің коммуналдық шаруашылық секторының бас маманы Дүйсехан Қараев.


Сонымен қатар, өткен жылы Қызылқұм ауылдық округінің Қызылқұм, Ақтөбе елді мекендері мен Абай ауылдық округінің Отан, Бейбітшілік елді мекендері, Ж.Ералиев ауылдық округінің Ғ.Мұратбаев елді мекендерін табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатындағы құрылыс жұмыстарына «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы мен республикалық бюджеттерден жалпы 1,6 млрд теңге қаржы бөлініп, өндірістік кестеге сәйкес жүргізілуде. Мердігер «РемСтрой» ЖШС нысанды қолданысқа тапсырған соң 1407 абонент немесе 10 мыңға тарта тұрғын табиғи газбен қамтылатын болады.


«Құрылыс-монтаж жұмыстарына отандық сапалы өнімдерді пайдаланудамыз. Өйткені, біз үшін пайда табу емес, елдің алғысын алу маңызды. Атқарған жұмыстарымызға 5 жыл кепілдік береміз», - дейді РемСтрой ЖШС учаске бастығы Бекболат Жұмабеков.


Бұдан бөлек ауданда жергілікті бюджеттен 2020-2022 жылдарға елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында 38 елді мекенге жобалау-сметалық құжаттарын рәсімдеуге 149,3 млн теңге бөлініп, қазіргі таңда 26 елді мекеннің ЖСҚ толығымен әзірленіп сараптама қорытындысы алынған. Оның 22 елді мекеннің құрылысына қаржы бөлдіруге ұсынылған.