Түркістанда «Ақ жол, Ясауи түлегі – 2024» кеші өтті

0
475

Университетті 1226 түлек тәмамдап, кәсіби маман атанды.


Түркістанда «Ақ жол, Ясауи түлегі – 2024» кеші өтті

Түркістанда «AQ JOL, YASAWI TÚLEGI – 2024» атты қоштасу кеші өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түркі университетінде «Ақ жол, Ясауи түлегі – 2024» атты үздік және белсенді бітіруші түлектерді марапаттау кеші өтті.


Салтанатты шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев, Түркістан облысының бас имамы Ержан Төлепов, Қаржылық мониторинг агенттігінің Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаев және басқа да мекеме басшылары мен зиялы қауым өкілдері, ата-аналар мен университеттің танымал түлектері қатысты.


Алғы сөз алған университет ректоры Жанар Темірбекова түлектерге ізгі тілегін жеткізіп, жиынды ашып берді.


«Түлектермен қоштасу әрбір университетке түрлі эмоциялар сыйлайтын кез. Бір жағынан бірнеше жыл бойы білім алған түлектерге үлкен өмірге жолдама берсек, екінші жағынан олармен қоштасу сәті ерекше сезім сыйлап тұр. Қос елдің көмегімен, мемлекеттік қолдауымен түркі әлемінің қасиетті шаһары - Түркістанда оқып, түркі дүниесінің жастарымен тіл табысып, ең мықты ғалымдардан дәріс алып, өзінің тұлғалық қасиеттерін дамытқан түлектеріміз үшін де ерекше сезім деп ойлаймыз. Сіздерге ақ жол тілейміз! Ата-аналарыңыз бен ұстаздарыңыздың сенімін ақтаңыздар!», – деді Жанар Темірбекова.


Құттықтау сөз алған ректор өкілі Наджи Генч те түлектерге ақ тілегін арнады. Ректор Жанар Темірбекова мен ректор өкілі Наджи Генч биылғы жылдың ең үздік атанған 30 түлекке дипломдарын табыстады.


Салтанатты кеште Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев жас түлектерге ізгі ниетін білдіріп, бірқатар үздіктерге диплом табыстады.


«Қадірлі түлектер! Баршаңызды өмірдің жаңа белесіне қадам басуларыңызбен шын жүректен құттықтаймыз! Халықаралық қазақ-түрік университеті соңғы 30 жылда Қазақстанның тәуелсіздігімен бірге қатар жасап келе жатыр. Бүгінгі бітіруші түлектер еліміздің саналы, парасатты, биік мәдениетті азаматтардың қатарын толықтырады деген үлкен сенімдеміз. Себебі, сіздер жәй оқу орнында емес, түркі әлемінің орталығындағы қасиетті Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың атымен аталатын керемет университеттің шаңырағында тәлім алып, қадам басып отырсыздар! Баршаңызға ақ жол!», – деді Бейсенбай Тәжібаев.


Іс-шара барсында оқу ордасының имиджін арттыруға атсалысқан, оқуда жоғары көрсеткішке ие болған 230 үздік студентке дипломдар табысталды. Осы білім ордасынан түлеп ұшқан елімізге танымал чемпиондар мен жарық жұлдыздар да арнайы келіп, құттықтау тілектерін жеткізді. Мажарстаннан келген үздік студент, қазақ дәстүрлі өнерінің жас өкілі Фехер Богларка қобыз тартып, көрерменнің қошеметіне бөленді.


Концерттік бағдарламамен жалғасқан көңілді кеште ҚР эстрада жұлдызы Ғазизхан Шекербек өнер көрсетті. Өнерлі жастар ән шырқап, көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады.


Кеш соңында 2023-2024 оқу жылының үздік түлегі атанған білімгерлер оқу ордамен қимастықпен қоштасып, ақ тілектерін арнады.


Айта кетейік, 2023-2024 оқу жылында аталған университетті 1226 түлек тәмамдап, кәсіби маман атанды.