Түркістанда «Binom school» мектебі салынады

0
829

Облыстағы 945 мектепте 510 мыңға жуық бала оқиды.


Түркістанда «Binom school» мектебі салынады

Түркістан облысында 78 мектептің құрылысы жүргізілуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Апатты және үш аусымды мектептің мәселесін шешу мақсатында биыл Түркістан өңірінде 78 мектеп құрылысы жүргізілуде. Айта кету керек, бұл – еліміздегі ең үлкен көрсеткіш. «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасына сәйкес, 2025 жылға қарай 130 жаңа мектеп салу жоспарланған, оның ішінде биыл 47 мектеп салынады. Бүгінгі таңда 42 мектептің құрылысы аяқталды. Оның жартысына жуығы – жекеменшік мектептер. ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Мемлекет басшысының Жолдауы аясындағы өңірдің дамуы туралы» өткен брифингте Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев білім саласындағы жаңалықтармен бөлісті.


«Бағдарлама аясында жыл сайын 108 мектеп жаңғыртудан өтеді. Тереңдетілген бағытта білім жүйесін дамыту мақсатында Мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігімен 4 Binom School мектебі салынады. Түркістан қаласында 720 орындық Назарбаев Зияткерлік мектебінің құрылысы аяқталды. 700 оқушыға арналған оқу ғимараты, 500 орындық жатақханасы бар «Дарын» мектеп-интернатының құрылыстары жүргізілуде», – деді Өмірзақ Шөкеев.


Облыс әкімінің айтуынша, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 906 мемлекеттік мектеп толығымен бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етілген. 559 мектептің бейне камерасы полицияның жедел басқару орталықтарына интеграцияланды. Бұл бағытта жұмыстар жалғасады. Облыстағы 945 мектепте 510 мыңға жуық бала оқиды.