Түркістанда инфрақұрылым жаңартылып жатыр

0
563

83 тапсырма бекітіліп, бақылауға алынды.


Түркістанда инфрақұрылым жаңартылып жатыр

Түркістанда тұрғындардың ұсынысы арқылы инфрақұрылым жаңартылуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан қаласының тұрғындары ұсыныстарын жеткізу арқылы қаланы көркейтуге өз үлестерін қосып жатыр. Қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков 6 сектор тұрғындарымен ашық алаңда 9 кездесу өткізді. Кездесулерде жергілікті тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныстар назарға алынып, жауапты басшыларға екі жылда 570 тапсырма берілген. Оның 474-і орындалып, 96-сы қаланың даму жоспарына енгізілді.


Кездесу барысында қала әкімі тұрғындардың жоспарға енген өтініштеріне тоқталып, заңдылығын түсіндірді.


«Кей өтініштеріміз неге әлі күнге орындалмады деген күмәнды ойды сейілту үшін өзім келіп түсіндіргенді жөн санадым. Біраз мәселе қаржыны қажет етеді. Қаржы бөлдіру үшін жобалар әзірленіп, рәсімделу сатыларынан өтеді. Оған уақыт қажет», – деді қала әкімі.


2021 жылы 11 көшеге асфальт, 185 көшеге тас төселіп, 155 көшеге жарықшам орнатылды. Өткен жылы асфальт көшелер саны 18-ге артты. 134 көшеге жарықшамдар орнатылды. Биыл 23 көшеге асфальт төсеу жоспарланып, бүгінгі таңда оның 9 көшесінде жұмыстар аяқталды. Жоспарланған 94 көшенің 65-іне тас төсеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ 272 көшеге жарықшам орнату жоспарланып, оның 134 көшесіне орнатылды. Өткен жылы балалар ойнайтын 15 алаңшаның құрылысы басталып, биыл тағы 10 алаңшаның іргетасы қаланды.


Айта кетейік, маусым айындағы кездесу қорытындысымен 83 тапсырма бекітіліп, бақылауға алынды.