Отбасындағы, мектептердегі зорлық-зомбылықтың алдын алу және болдырмауға ықпал жасауға бағытталған.
Түркістан қаласында облыстық ата-аналар форумы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бүгін «Ел ертеңі – жас ұрпақ» бағдарламасы аясында Түркістан облысының ата-аналар форумы өтті. Мұндағы мақсат «Ел ертеңі – жас ұрпақ» бағдарламасын қорытындылап, қол жеткізген нәтижелермен бөлісу, өзекті мәселелерге қоғам назарын аудару және болашаққа жоспар жасау болды. Қазіргі таңда еліміздегі жасөспірімдер арасында зорлық-зомбылық мәселесі өзекті тақырыпқа айналған. Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының осыдан үш жыл бұрын берген деректері бойынша Қазақстанда әрбір бесінші оқушы құрдастары тарапынан психолгиялық және физикалық зорлық-зомбылыққа ұшырайды екен.
Бұл бағдарлама мектеп ұжымдарының, оқушыларының, ата-аналар комитеттерінің әлеуетін арттыру арқылы отбасындағы және мектептердегі зорлық-зомбылықтың алдын алу және болдырмауға ықпал жасауға бағытталған. Аталған форумға облыс әкімдігі, адами әлеуетті дамыту басқармасының қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және білім қызметкерлері мен ата-аналар қауымдастықтары қатысты.