Түркістанда "Отбасыңмен он тал ек" акциясы басталды

0
1 383

Акцияға қалалық мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйым мүшелері, зиялылар, ардагерлер және қала тұрғындары қатысты.


Түркістанда

Бүгін Түркістан қаласында он күнге жалғасатын "Отбасыңмен он тал ек" отбасылық эко-акциясы бастау алды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Акцияға қалалық мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйым мүшелері, зиялылар, ардагерлер және қала тұрғындары қатысты.

Қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков жасыл желекке жанұямен үлес қосуда белсенділік танытқан тұрғындарға шынайы ризашылығын білдірді
Бүгінгі іс-шара арқылы біз жасыл желек аумағын арттыруды ғана көздеген жоқпыз. Отбасылар арасында ортақ мүддеге жұмылуды, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуды да мақсат тұттық. Түркістан — рухани астана! Қаламыздың тазалығы Сіздер мен бізге сын. Қоршаған ортаны ластамау — азаматтық ұстанымымызға, жасыл қалаға айналдыру негізгі міндетімізге айналуы тиіс, — деді.
Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарылқасын Құлбайымбетов игі іске жиналған қауымға батасын берсе, ерікті жастар атынан сөз алған Абдрашит Жасұлан қаланы көркейту мен көгалдандыру бағытындағы мәнді шара үшін ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді.
Акция аясында қалалықтар "Самал", "Отырар", 1, 2 шағынудандарында және Түркістан-Қызылорда тас жолы бойына 20 мыңнан астам ағаш көшеттерін отырғызды. Қоғамдық іс-шараға белсенді қатысқан отбасылар мен тал егуге атсалысқан бүлдіршіндерге сый-сияпаттар үлестірілді. Сонымен қатар балаларға арнайы келген ертегі кейіпкерлері мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Жалпы бүгінге дейін Түркістан қаласында абаттандыру мекемелері арқылы және кәсіпкерлердің демеушілігімен егілген ағаш көшеттері 90 мыңнан асты.