Түркістанда жасалатын жиһаздарға шетелдіктер тапсырыс беріп жатыр

0
410

Көрші елдерден сұраныс көп.


Түркістанда жасалатын жиһаздарға шетелдіктер тапсырыс беріп жатыр

Түркістан жиһазына көрші елдерден сұраныс көп, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Соңғы жылдары Түркістан облысында кәсіпкерлікке басымдық беріліп, жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді.


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңдеу өнеркәсібін дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытындағы тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстар өз нәтижесін беріп жатыр.


Бұл орайда, заманауи, соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталған жиһаз өндіруші «Asia Brand» кәсіпорыны ел экономикасының артуына елеулі үлесін қосуда.


Жиһаз өндіру бойынша нарықта 13 жылдан астам тәжірибесі бар «Asia Brand» ЖК жиһаз өндірісін бір қызметкермен бастаған.


Компанияның бас директоры Ұйғын Әбішевтің айтуынша, қазіргі уақытта кәсіпорында 150-ге жуық адам еңбек етеді. Облыс орталығында жылына Түркістан қаласының брендіне айналған ас үйге және жатын бөлмесінің жиһаздар мен шкафтың 22 мың данасы өндірілуде. Компания өз өнімін сату үшін Қазақстанның барлық ірі қалаларында 14 қойма ашса, бұдан бөлек Өзбекстан және Ресей мемлекеттеріне экспорттап жатыр.


Ұйымшыл ұжымда түрлі этнос өкілдері бір шаңырақ астында еліміздің дамуы жолында аянбай тер төгіп жүр. Саланың сан қырлы ерекшелігін мінсіз меңгерген оларды өз кәсібінің шынайы майталмандары деуге болады.


Айта кетсек, өткен жылдың желтоқсан айында Астана қаласында өткен салтанатты жиында «Asia Brand» кәсіпорыны Президенттің «Алтын сапа-2023» сыйлығына ие болды. Аталған кәсіпорын диплом, байқау эмблемасымен және жеңімпаздарды келесі кезең – ТМД-ның өнім және қызмет көрсету сапасы саласындағы байқауына қатысуын ынталандыру үшін 450 АЕК мөлшерінде қаржылай сыйақымен марапатталды.