Түркістандағы автопарктің қызметі бақыланды

0
452

Автобустардың жұмысы таңғы сағат 06:50-ден басталады.


Түркістандағы автопарктің қызметі бақыланды

Түркістан қаласының әкімі «Жолаушы» ЖШС-ның жұмысымен танысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан түркі әлемінің туризм орталығына айналғаны белгілі. Бұл ретте қаладағы қоғамдық көліктердің қызмет сапасын көтеру маңызды. Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков «Жолаушы» ЖШС-не арнайы барып, жұмысымен танысты.


Автобустардың жұмысы таңғы сағат 06:50-ден басталады. «Жолаушы» ЖШС автобус паркіне ерте барған қала әкімі, автобус жүргізушілерінің арнайы медициналық тексеруден өтіп, рұқсат алу барысын, механиктердің сапарға шығатын автобустарды техникалық қадағалаудан өткізуін бақылап, операторлық орталықтың басқару сапасымен танысты.


Тұрғындарды тасымалдауға жауапты «Жолаушы» ЖШС мекемесінің қызметі 1966 жылдан бастау алған. Бүгінде мекемеде 158 автобус 16 бағыт бойынша қызмет көрсетіп келеді. 2021-2023 жылдар аралығында бұл мекеме 106 автобусты жаңалап үлгерген. Автопаркте жалпы сыйымдылығы жоғары автобустар саны 126-ға жетті. Ал қалаішілік бағыттарда қызмет көрсету үшін 1-ақпаннан бастап тағы 20 жаңа автобус іске қосылып, жаңа автобустар №2, 9, 9А бағыттарында қызмет көрсететін болады.


Айта кетейік, жаңадан іске қосылған Saz LE-60 маркалы автобустар ЕВРО-5 экологиялық стандарттарына сәйкестендірілген. Көршілес мемлекет Өзбекстаннан жеткізілген бұл көліктердің сыйымдылығы 60 адамға шақталған. Оған қоса автобустарда пандус және қауіпсіздікті сақтау мақсатында автобус салонын, сыртқы бейнені түсіретін бейнебақылау камералары орнатылған. Барлығына электронды төлем жүйесі енгізілген. (QR код, карталай төлем, СМС төлем және т.б.)


Жаңа көліктің техникалық жағдайын шаһар басшысы парк аумағында өзі айдап тексеріп көрді. Тексеру барысында мекеме мамандары қазіргі таңда жүргізуші тапшылығы бар екенін жеткізді. Жалақы көрсеткіші 300 мың теңгені құрап, айына 15 жұмыс күні бекітілген. Алайда жұмыс істеуге ниеттілердің табылмай жатқандығын айтты.


Шаһар басшысы жауаптыларға тұрғындарды тасымалдау барысында қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды ескертті. Сондай-ақ, қызмет көрсету сапасын да баса мән беру керектігін алға тартты.