Түркістандағы музыкалық мектеп пайдалануға берілді

0
906

120 шәкірт дәріс алады.


Түркістандағы музыкалық мектеп пайдалануға берілді

Түркістан қаласында музыкалық мектепке дарынды балаларды іріктеу басталды, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан қаласында жаңадан бой көтерген музыкалық мектебі пайдалануға берілді. Заманауи үлгіде салынған нысанда 120 бала өнердің 18 түрінен дәріс ала алады. Атап айтқанда, мұнда оқушыларды домбыра, фортепиано, скрипка, баян, саксафон, қобыз, гитара, ұрмалы аспаптар, вокал, жетіген, ксилофон, литавра сияқты музыкалық аспаптарда ойнауға баулиды. Қазіргі таңда, аталған сыныптарға дарынды балаларды іріктеу арқылы қабылдау жұмыстары басталып кетті.

Мұнда жас өнерпаздарға консерватория түлектері ұстаздық етеді. Яғни, мектепке кәсіби музыкалық білімі мен шеберлігі жоғары мамандар мұғалім ретінде қабылдануда. Олардың сөзінше, келешекте үлгерімі жақсы шәкірттерден жоғары деңгейлі оркестр құрылатын болады.

Қос қабаттан тұратын сәулетті ғимарат музыкалық аспапта сабақтар өтуге барынша лайықталған. Мәселен, мектептегі барлық оқу сыныптары аккустикалық заңдылықтарға сай жабдықталып, әрбір сыныптарға дербес компьютерлер мен интерактивтік тақталар орнатылған. Одан бөлек, өнер ордасында арнайы оркестр, хор кластары мен конференц залдары және 550 орындық үлкен концерт залы қарастырылған.

Еске сала кетейік, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев «Ақжайық» музыкалық мектебіне барған сапарында мектептің жұмыс барысымен танысып, өнер ордасының материалдық-техникалық базасын күшейтуді тапсырған болатын. Одан бөлек, музыка мектебінің алдына вальс королі Шәмші Қалдаяқовтың ескерткіші қойылатын болды.