Түркістанды абаттандыруға аудан, қалалар көмектесіп жатыр

0
783

Әр секторға аудан, қала әкімдіктері мен басқарма басшылары тікелей жауапты боп бекітілген.


Түркістанды абаттандыруға аудан, қалалар көмектесіп жатыр

Арыс қаласындағы тәжірибеге сүйене отырып, Түркістанды 32 секторға бөлген, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан қаласы облыс орталығы болғанына байланысты өңір басшысы Ө.Шөкеев Арыс қаласындағы тәжірибеге сүйене отырып, шаһарды 32 секторға бөлген болатын. Әр секторға аудан, қала әкімдіктері мен басқарма басшылары тікелей жауапты боп бекітілген.

Түлкібастықтар өздеріне бекітілген секторда сенбілік өткізіп, 9 көшені тазалады. 7 мың түп жасыл желек пен газон егілді. Сондай-ақ, орталық Дастанов көшесіне жаңадан суару жүйесі орнатылды.

Сайрам ауданының секторында 8,48 шақырымды құрайтын 9 көшеде 7655 көшет отырғызылды. Ауданға бекітілген №2 секторда тұрақты түрде сенбілік жұмыстары ұйымдастырылып, жерді тегістеу, шұңқыр қазу, көшет егу жұмыстары жүргізілді. Қазылған ұяшықтарға топырақ салынып, көшет тамырын ылғалдандыратын гидрогель және топырақты қопсыту үшін биогумус себілуде. Сонымен қатар, көшеттерді суғару жүйесі жүргізіліп, газон егіледі.

Шардара ауданына бекітілген аумақта да көшеттер отырғызылып, гүлдер егілген. Айнала күл-қоқыстан тазартылып, тиісті жұмыстар қарқынды жүруде.

Түркістан қаласын көгалдандыруға Төлеби ауданы да атсалысып жатыр. Аудан басшысының бақылауымен, 7354 ағаш көшеттерін егу, көшеттерді суғару үшін 12 119 метр тамшылатып суғару жүйесін жүргізу және 5 дана ұңғыма қазу жұмыстары атқарылуда. Бұл бағыттағы жұмыстар өз жалғасын тауып, қала аумағында 7 мыңнан астам арша, терек, қара ағаш көшеттері отырғызылмақ.

Шаһарды көгалдандыру аумағы 187 га құрайды. Саябақтарды жайқалтып, гүлзарларды көркейту, желекжолдар мен тұрғын үй орамдарын, қоғамдық ғимараттарды көгалдандыру іске асып жатыр.

Қаланың климаттық жағдайын ескере отырып, қала сыртында көгалдандырудың үздіксіз жүйесін және Сырдария өзенінің табиғи өсімдіктер дүниесімен қосылуды қамтамасыз ететін жасыл белдеуді қалыптастыру көзделген.