Түркістандық әкім қайырымдылық іс-шарасын орталықтандыруды ұсынды

0
490

Әркімнің көмек беруі өз еркі десек те, біз бұл бағыттағы жұмыстарды бір жерге орталықтандыруымыз керек – әкім.


Түркістандық әкім қайырымдылық іс-шарасын орталықтандыруды ұсынды

Арыс қаласының әкімі қайырымдылық шарасын орталықтандыруды ұсынды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


«АMANAT» партиясы Арыс қалалық филиалы жанындағы «Парасат» пікірталас клубының кезекті отырысы өтті. Ардагерлер орталығында ұйымдастырылған шараға қала әкімі Гүлжан Құрманбекова жетекшілік етіп, онда тұрмысы төмен отбасыларды қолдап-қуаттау мен кәсіпкерлерді қаланың әлеуметтік дамуына жұмылдырудың жай-күйі талқыланды. Қала әкімі қайырымдылық жұмыстары жан-жақты сараланып, бір орталықтан жүйелі түрде қолға алынуы тиіс екендігін дерек-дәйектермен түсіндіріп берді.


«Біздің қаламызда өткен жылы «Қолғабыс» қоры құрылып, іске кіріскелі жылға жуықтады. Қордың негізгі мақсаты – тұрмысы төмен отбасыларды жан-жақты қолдау болып табылады. Қазіргі кезде қорда 148 отбасы тіркелген. Енді солардың арасынан көмекке шын мұқтаж емес отбасылар анықталып жатыр. Нәтижесінде, қоғам арасында жатыпішерлер мен масылдықтың құлына айналған адамдар пайда болуда. Біз мұндайға қарсы әрекет етпесек, қанша жерден ауқымды жұмыс жасағанымызбен жағдайымыз жақсара қоймайды», – деді Гүлжан Мамытқызы.


Осылай деген қала әкімі көптеген кәсіпкерлердің сауап үшін жасалатын қайырымдылық шарасының нәтижесіз үлестірілетінін баса айтты. Тіпті, арнайы фотослайд арқылы қайырымдылық шараларының негізгі бағыт-бағдарларын нақтылап берді.


«Әркімнің көмек беруі өз еркі десек те, біз бұл бағыттағы жұмыстарды бір жерге орталықтандыруымыз керек. Атап айтқанда, мешіт пен балалар үйіне берілетін ерікті көмек түрлері (мейлі, ол материалдық немесе қаржылай болсын), тек қана, «Қолғабыс» қоры арқылы тіркеліп, таратылғаны жөн. Өйткені, берілетін көмектер бейберекет немесе қайталанып үлестіріліп, бір адам бірнеше көмек алған сәттер де тіркелген. Салдарынан шын мұқтаж отбасылар назардан тыс қалып кетеді. Бұл әділетті қоғам қалыптастыру үшін керек қадам», – деді қала әкімі.


Айта кетейік, қаланың белді кәсіпкерлері бас қосқан «Парасат» пікірталас клубының бұл жолғы отырысына «Ардагерлер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің мүшелері мен депутаттар, имамдар, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, қаладағы отбасы үлгісіндегі балалар үйі мен мекеме және бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері, үкіметтік емес ұйым және БАҚ өкілдері қатысты.