Түркістандық ақсақалдар ішімдік саудасына тосқауыл қоюды өтінді

0
760

Елімізде ішімдіктен бас тартқан елді мекендердің саны 10-нан асқан.


Түркістандық ақсақалдар ішімдік саудасына тосқауыл қоюды өтінді

Бір топ түркістандық ақсақал спирттік ішімдік сатылымына тосқауыл қою бойынша өтінішпен білдірді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов апта сайын қоғамдық және жеке қабылдау өткізеді. Осы аптада өткен қоғамдық қабылдауға бірнеше ауылдық округтен жиналып келген бір топ ақсақал спирттік ішімдік сатылымына тосқауыл қоюға ықпал жасау бойынша аудан әкіміне өтініш жасады.

Жасұзақ Сыдықов бастаған топ бұған дейін ішімдік сатуды тоқтатқан елді мекендердің тәжірибесі туралы кеңінен атап өтті. Бұл елді мекендердің барлығында береке-бірлік салтанат құрып, қылмыс жасау, жұбайлардың ажырасуы, кіші бұзақылық деген атымен жоғалған. Елімізде ішімдіктен бас тартқан елді мекендердің саны 10-нан асқан.

Мұндай бастаманы ең алғаш Мақтаарал ауданында Еңбекші ауылдық округіне қарасты Жантақсай елдімекенінің қариялары қолға алған. Қабылдауға келгендердің бірі, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Сейіткерім Мелдеханов өзі тұратын Бірлік ауылдық округі Табысты ауылында дүкен иелерінің әрбірімен жеке дара сөйлесіп, спирттік ішімдік сатпауға уәделерін алыпты. Сонымен қатар, қабылдауға келген Мансұрқожа ақсақал Атакент кентіндегі 11 дүкенмен келісім орнатып, арақ-шарап сатпауға келіскен.

Аудан әкімінің қоғамдық қабылдауына келген ақсақалдардың ендігі мақсаты - Мақтаарал ауданындағы 69 елді мекеннің барлығында спирттік ішімдікті сатуды азайту немесе мүлде жою. Осы арқылы ауданда қылмыстың санын мүлде азайтып, әрбір отбасыға құт-береке дарыту. Ақсақалдар осы мақсатты жүзеге асыру үшін аудан әкіміне спирттік ішімдік сататын кәсіпкерлерге ықпал жасауды сұрап келген екен.

Өз кезегінде аудан басшысы Бақыт Насырханұлы қариялардың бастамасы өте орынды екенін айтып, заң аясында барынша қолдайтынын жеткізді.