Түркістандық азамат мемлекет қолдауымен балық шаруашылығын қолға алды

0
727

Жіберілген балықтан келесі жылдың жаз айында алғашқы өнім алуды жоспарлап отыр.


Түркістандық азамат мемлекет қолдауымен балық шаруашылығын қолға алды

Арыстық азамат мемлекеттік бағдарламаның көмегімен балық шаруашылығына кірісті, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысы Арыс қаласы Ақдала ауылдық округіне қарасты П.Арапов ауылының тұрғыны Бақыт Қалымбетов балық шаруашылығымен айналысуды қолға алды. Ол бұл кәсіппен айналысу үшін жасанды көлшік жасап, онда Шымкент қаласынан жеткізілген 2 мың дана сазан, мекіре (карась) балығының шабақтарын жіберген. Кәсіпкердің сөзінше, маусым айында жіберілген балықтан келесі жылдың жаз айында алғашқы өнім алуды жоспарлап отыр.

«Еті дәмді, етінің майлылығы 4,1 пайыз, белогы 16,5 пайыз болатын сазан балығының кәсіптік маңызы өте үлкен екені белгілі. Осыны ескеріп болашақта мемлекеттік қолдаудың көмегімен кәсіпті ұлғайтуды көздеп отырмын»,– деді кәсіпкер.

Кәсіпкерлерге көмек ретінде мемлекет тарапынан балыққа берілетін жемнің 50 пайызы субсидияланады. Өңірде осы мүмкіндікті пайдалана отырып, балық шаруашылығымен айналысатын азаматтардың қатары артып келеді.

Айта кетейік, қазіргі уақытта Түркістан облысы кәсіпкерлерді қолдау, жаңа кәсіп түрлерін дамыту сынды басым бағыттарды қолға алып, ел экономикасына мол үлес қосып келеді.