«Еңбек» бағдарламасының көмегін пайдаланып, жеке кәсіппен айналысуды бастады.
Келестік азамат мемлекеттік бағдарламамен жылқы шаруашылығын қолға алды, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы Келес ауданы Ақтөбе ауылдық округінің тұрғыны Ермек Алимкулов «Еңбек» бағдарламасының көмегін пайдаланып, жеке кәсіппен айналысуды бастады. Ол ауыл шаруашылығы қаржылай қолдау қоры арқылы 2,4 млн. теңге несиеге қол жеткізіп, 6 бас жылқы малын сатып алды. Оның ендігі жоспары мал басын көбейтіп, бордақылаумен айналысу.
«Көптен бергі арманым кәсіпкерлікпен айналысып мол табыс табу еді. Мемлекеттік бағдарламаның арқасында сол арманым орындалып келеді. Көмектесіп, қолдау көрсеткен кәсіпкерлік мектебінің мамандарына алғысым шексіз»,– дейді Е.Алимкулов.
Жалпы Келес ауданында жыл басынан бері 58 кәсіпкердің жобасы сүйемелденіп, оның 32-сі қаржылай қолдауға ие болды. Бұл көрсеткіш пандемияға байланысты өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда төмендеген.
Аталған мекеменің мамандары биыл 210 азаматқа өз кәсібін бастау үшін тиісті кеңес берсе, соның 62-сі құжаттарын рәсімдеп үлгерген. Сондай-ақ, 22 ірі және 40 орта жоба жүзеге асса, 150 тұрғын кіші жоба арқылы 556 мың теңге көлемінде грант иегері атанды. Қолдауға ие болып жатқан кәсіптің қатарында мал, өсімдік, егін шаруашылығы мен қызмет көрсету салалары бар.