Түркістандық делегация Қытайдың өндіріс орындарымен танысты

0
498

Іссапар аясында ҚХР-дан тікелей инвестиция тарту, сауда-экономикалық қатынасты нығайту жұмыстары атқарылды.


Түркістандық делегация Қытайдың өндіріс орындарымен танысты

Түркістан облысының делегациясы Қытайдың өндіріс орындарымен танысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды шет мемлекеттерге іссапар жасап, кәсіпорындарымен танысып, инвестиция тарту жөнінде тапсырма берген болатын. Осыған байланысты Түркістан облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметов бастаған жұмысшы топ, Қазақстан Республикасының Қытайдағы елшілігімен бірлесіп, Қытай Халық Республикасына арнайы іссапар жасады.


Іссапар аясында ҚХР-дан тікелей инвестиция тарту, сауда-экономикалық қатынасты нығайту жұмыстары атқарылды.


Жұмыс тобы Сиань (Шэньси провинциясы), Вэньчжоу (Чжэцзян провинциясы), Хэфей (Аньхой провинциясы) және Чжэнчжоу (Хэнан провинциясы) қалаларында жергілікті билік өкілдерімен кездесіп, келіссөздер жүргізді. Сонымен қатар аталған өлкелердің ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, сауда-логистикалық орталық, машина жасау, Eye valley индустриалдық паркі және ауылшаруашылық тұқымдарын (бидай, асқабақ, қарбыз, қауын, мақта, жүгері және т.б.) зерттеу, сұрыптау және өндіру орталығы, индустриалдық аймағы таныстырылды. Облыстың экспорттық әлеуетін ұлғайту мәселесі талқыланды.


Бұдан бөлек, түрлі-түсті металл бұйымдарын өндіру, алюминий профильдарын шығару, лифт жасау, құрылыс материалдарын шығару (ішкі және сыртқы әрлеу), мотор майларын шығару және жүк көліктерімен өзге де техникалық бөлшектерін (фильтр, тежегіш колодкалар, сүзілер, патрубкалар және т.б.) шығару, тұрмыстық техникалар және оларға арналған көптүрлі микросхемалар шығару, электро авто көліктеріне арналған қуаттау станцияларын жасау және тағы басқа кәсіпорын басшыларымен екіжақты кездесулер өткізілді.


Бірқатар кәсіпорын басшылары Түркістан облысында өндіріс орындарын ашуға ниет білдіріп, меморандумға қол қою мүмкіндігі талқыланды. Оған қоса, қытайлық компания басшылары Түркістан облысына іссапармен келуді жоспарлауда.


Жоғарыда аталған провинциялар мен Түркістан облысы арасындағы екіжақты қатынастар, инвестиция тарту және экспортты ұлғайту жұмыстары өз жалғасын табады.