Түркістандық кәсіпкер бройлер тұқымды құс санын көбейтуді қолға алды

0
918

Көтерме бағасы бір килограммына 1200-1400 теңгеден.


Түркістандық кәсіпкер бройлер тұқымды құс санын көбейтуді қолға алды

Аспан асты елінен алынған үйректер Түркістан облысында жерсінді, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысы Ордабасы ауданы Төрткүл ауылдық округінің тұрғыны Бақберген Жұмабай құс өсірумен екі жылдан бері айналысып келеді. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау фермерге өз шаруашылығын айтарлықтай арттыруға мүмкіндік берген.

Таңсық кәсіпті дамытуда жас кәсіпкерге алғашында әкесі ерекше идеяны ұсынып ой салған. Алдымен ол бройлер тұқымының жүз балапанын сатып алып, соларды өсіруге күш салады. Еңбегі көп ұзамай өз нәтижесін береді. Үйрек етін алысқа бармай туыстары мен көршілері сатып ала бастаған. Бұл құс түрінің етінен сорпа, негізгі тағамдар мен әсіресе кәуап дәмді болады. Ашық ауада, көмірде қуырылған етін тіпті аса талғампаздар мен кәсіби аспаздардың өздері ерекше бағалайды.

Сұраныс артып, Бақберген бар күшін істі одан әрі дамытуға жұмсайды. Жас кәсіпкер былтыр бизнес-курсын оқып, 505 мың теңге көлемінде өтеусіз грант алды. Ол қаражатқа инкубатор сатып алып, құс санын едәуір арттырған.

«Біз үйректерді тек ет үшін өсіреміз. Бордақылау үшін екі ай жеткілікті, содан кейін құсты союға жібереміз. Айына бір рет Шымкент және Темірлан базарларында 60 ұшадан сатамыз. Әрқайсысының салмағы 2-2,5 келі шығады. Көтерме бағасы бір килограммына 1200-1400 теңгеден. Тұрақты сатып алушыларымыз бар», - дейді жас кәсіпкер.

Бақберген Жұмабай не үшін Бейжің үйректерін таңдағанын да түсіндірді. Айтуынша, олар тез салмақ қосады. Өсіруде аса қиындығы жоқ. Ең бастысы үйректерді жылы жерде ұстау қажет. Бейжің үйректерінің әрқайсысы екі күнде бір рет жұмыртқа салады.

Негізгі азығы бидай, арпа, жүгері, сұлы. Ал, жазда өзге құстарға секілді көк шөп қажет.

Кәсібіне еті үйренген төркүлдік азамат қазір несие рәсімдеп жатыр. Бизнесті әрі қарай дамытуға үш жарым миллион теңге алып, үйрек орауға арналған жабдық, жаңа инкубаторлар мен тоңазытқыш камераларын сатып алуды жоспарлауда.

Алдағы уақытта құс жастық, құс көрпеге арнап құстың мамығы мен қауырсынын өндірмек. Бақберген Жұмабай үйрек өсіру кәсібінің табысы мол болатынына сенімді. Тіпті қызығушылық танытатындар болса тәжірибесімен бөлісуге әзір.