Түркістандық оқушы әлем чемпионатына жолдама алды

0
711

Қара белбеу иегерлері арасында жеңімпаз атанды.


Түркістандық оқушы әлем чемпионатына жолдама алды

Алматы қаласында таеквондодан федерация клубтарының кубогы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бірер күн бұрын Алматы қаласында таеквондодан федерация клубтарының кубогы өтті. Аталған сайысқа қатысқан түркістандық оқушы Балтабай Рамазан 2011-2013 жылғы балалар арасында 42 келі салмақ дәрежесі бойынша жекпе-жекке шығып, қара белбеу иегерлері арасында жеңімпаз атанды.


Нәтижесінде, «Оқушылар сарайы» - ЮНЕСКО клубындағы таеквондо үйірмесіне қатысатын жас спортшы Мексикада өтетін Әлем чемпионатына жолдама алды. Сонымен қатар, тағы бір түркістандық жас спортшы Балғабай Нұрғазы үшінші орынға ие болды.


«Қазір Балтабай Рамазан 12 жаста. Оның «Оқушылар сарайындағы» таеквондо үйірмесіне қатысып жүргеніне бір жылдай уақыт болды. Осы бір ғана жылдың ішінде ол облыс және ел чемпионы атанып, бірнеше халықаралық жарыста жүлде еншілеп үлгерді. Енді Мексикада өтетін әлем чемпионатына дайындықты күшейте түсеміз. Ел чемпионатында үздік үштіктен бой көрсеткен Балғабай Нұрғазының да болашағынан мол үміт күтемін. Артымыздан еріп келе жатқан жас буынды спортқа баулып, жетістіктерге жетелеу – біздің борышымыз», - дейді жеңімпаздардың бапкері Құлымбет Қасиет.


Айта кетсек, бүгінде Түркістандағы «Оқушылар сарайы» - ЮНЕСКО клубында түрлі бағыттағы 60-қа жуық үйірме тұрақты түрде жұмыс істеп тұр. Ол үйірмелерге қатысатын 1600-ден астам оқушы түрлі дәрежедегі жарыстарға қатысып, үздіктер қатарынан көрініп келеді.