​Түркістандық оқушылар дін тақырыбындағы форумда кездесті

0
2 165

Теолог маман оқушыларға радикалды діни ағымдардан сақтану керектігін түсіндіріп өтті


​Түркістандық оқушылар дін тақырыбындағы форумда кездесті

Түркістан облыстық білім басқармасы облыстық қосымша білім беруді дамыту орталығының ұйымдастыруымен №21 колледждің мәжіліс залында «Жастар және дін» атты форумы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Облыс оқушылары арасында өткен форум «Дін бостандығы және туындайтын қарама-қайшылықтар» тақырыбында өрбіді. Алқалы жиынға облысымыздың қала, аудандарынан келген 150-ге жуық оқушылар мен мұғалімдері қатысты. Жиын барысында оқушылар тарапынан діни тұрғыда, мектеп тәртібі жайында сұрақтар қойылып, оларға мектептен тыс уақыттағы құқықтары туралы түсіндірілді.

«Түркістан облысында 905 мектеп болса, тоғызыншы сыныптағы«Зайырлылық және дінтану негіздері» курсынан тарих немесе қазақ тілі және әдебиеті пәндерінің біліктілігін арттыру курстарынан өткен мұғалімдер дәріс беруде. Еліміздің бірқатар жоғары оқу орындарында «Тарихшы-дінтанушы» мамандығы енгізіліп, оқытылуда. Келешекте осы мамандықты бітірген мамандар 8-9-сынып оқушыларына курстық сабақ беретін болады», - деді облыстық білім басқармасының бас маманы Қайрат Арап.

Облыстық дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы Бахауддин Нуриддинов оқушыларға радикалды діни ағымдардан сақтану керектігін түсіндіріп өтсе, ҚІІБ-ның жасөспірімдер инспекторы, полиция лейтенанты Мұрат Арзықұлов кәмелеттік жасқа толмаған балалардың түнгі сағат 22:00-де түрлі ойын-сауық орталықтарында, 23:00-ден кейін жалғыз жүруіне тиым салынатындығын атап өтті. Сонымен қатар «Ақмешіт» мешітінің имамы Абибулла Муслимов оқушыларға мектеп формасын кию заң жүзінде міндетті екенін айта келе, сабақтан тыс уақытта талап етілмейтіндігіне тоқталды.

Шара соңында форумға қатысқан оқушыларға сертификат пен ұстаздарына алғыс хаттар табысталды.