Қазіргі уақытта аталған цехта 17 мың құс бағылып жатыр.
Кентауда күніне жарты тонна құс етін өндіретін қожалық жұмыс істейді, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы Кентау қаласына қарасты Иассы ауылындағы "Сүлеймен ата" шаруа қожалығы күніне 500 келі құс етін жергілікті сауда сөрелеріне сатылымға шығарып келе жатыр. Тұтынушылардың ерекше сұранысына ие ет өндіретін мекеме өз жұмысын 2017 жылы мемлекеттік бағдарламаның көмегімен бастаған екен. Бүгінгі таңда бұл цехта 8 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Қазіргі уақытта аталған цехта 17 мың құс бағылып жатыр.
«Құс етіне деген сұраныс өте жоғары. Сондықтан да жұмсалған қаржыны аз уақыт ішінде қайтарып алуға болатын тиімді кәсіп деп айта аламын», – дейді шаруақожалықтың өкілі Ғалымжан Абдураймов.
Әзірге қожалық өндіріп отырған өнім Түркістан және Кентау қалаларының сауда орындарынан артылып отырған жоқ. Кәсіпкер алдағы уақытта мекеменің ауқымын кеңейтіп өзге де өңірлерге еттен бөлек жұмыртқа сатуды жоспарлап отыр. Соған байланысты құс етін сақтауға арналған 40 тонналық тоңазытқыш жасақтап қойған.