Түркістандық жас балуандар күш сынасты

0
1 241

Ел Тәуелсіздігінің 27 жылдығына арналған айтулы жарысқа облыстағы барлық қалалар мен аудандардан командалар қатысты.


Түркістандық жас балуандар күш сынасты

Түркістан облысы Шардара қаласындағы Спорт кешенінде Түркістан облыстық №4 олимпиада резервінің мамандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі мен аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің және Шардара аудандық №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ұйымдастыруымен 2002-2003-жылы туылған жасөспірімдер арасында қазақ күресінен «Шардара кубогы – 2018» командалық жарысы болып өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Байрақты бәсекеге арнайы қатысқан Шардара ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Жолдыбайұлы, Дүние жүзілік қазақ күресі федерациясының вице-президенті Бақыт Жаңбырбаев, Шымкент қалалық қазақ күресі федерациясының өкілі Олжас Кенехановтар жұртшылықты айтулы мерекемен құттықтап, боз кілемде белдесетін балуандарға сәттілік тіледі.

Командалық есепте 7 салмақ дәрежесі бойынша өткен сайыста бабы мен бағы қатар жанған балуандар қарсыласын алып та жықты, шалып та жықты. Сонау ықылым замманан атадан балаға өтіп, талайлардың таңдайын қақтырған ұлттық спортты тамашалаған жанкүйерлер қатысушыларға қошемет көрсетіп, демеу беріп отырды.

Сонымен қатар, шара барысында Шардара ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Жолдыбайұлы облыстық №4 олимпиада резервінің мамандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің әдіскері, қол күресі спортынан әлемнің екі дүркін чемпионы, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Дәурен Әбсаттарға Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың «Алғыс хатын» табыс етсе, Олжас Кенеханов қазақ күресі спортының дамуына қосқан елеулі еңбектері үшін белгілі бапкер Мұсырманқұл Дәуренов пен даңқты спортшы Арман Қарсыбаевқа Шымкент қалалық қазақ күресі федерациясының «Намыс найзагері» медальдарын салтанатты түрде табыс етті.

Тартысты өткен жарыстың қорытындысымен ІІІ орын Отырарлық балуандардың еншісіне бұйырып, 200 мың теңгемен марапатталса, ІІ орынға көтерілген Шардаралық балуандарға 300 мың теңге, ал, І орынды қанжығасына байлаған Шымкенттік балуандарға 500 мың теңгенің сертификаттары табыс етілді.