Турнир 2006-2007 жылғы кіші және 2003-2005 жылғы үлкен топтар арасында өтті.
Түркістан облысы мақтаарал ауданында қол добынан ашық біріншілік өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Түркістан облысы Мақтаарал аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мен аудандық Дене шынықтыру және спорт бөлімімен бірлескен іс-шара жоспарына сәйкес жасөспірім қыздар арасында қол добы (гандбол) ойынынан облыстық ашық біріншілік болып өтті. Балалар мен жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын насихаттау мен қалыптастыру, олардың бос уақыттарын тиімді пайдалануды ұйымдастыру мақсатында өткен Мақтаарал ауданының ашық біріншілігіне Түркістан облысының Сарыағаш, Келес, Бәйдібек, Шардара, Арыс, Отырар және Мақтаарал мен Жетісай аудандарынан 10 команда қатысты.
Тартысты өткен турнирде 2003-2005 жылғы үлкен топ ойыншылары арасында Мақтаарал ауданы «Мүсірепов» жалпы орта мектебінің командасы ІІІ орынды иеленсе, Шардара ауданының құрама командасы жүлделі ІІ орынға табан тіреді, ал І орын Мақтаарал ауданының құрама командасына бұйырды.
Сондай-ақ, 2006-2007 жылғы кіші топ ойыншылары арасында жүлделі ІІІ орын Шардара, ІІ орын Жетісай және І орын Мақтаарал ауданының қыздарына бұйырып, жеңімпаздар мен қатысушылар арнайы дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Бұл сайыс туралы: «Алдағы уақытта біз спорттың бұл түрінен Мақтаарал ауданы әкімінің кубогі үшін ауқымды түрде турнир өткізбекпіз. Ол турнирге облыстық барлық аудан, қалаларынан спортшыларды шақыратын боламыз», - дейді турнир ұйымдастырушыларының бірі Сүндет Кенжебаев.