Жәбірленуші: «Өздерінің талаптарын қойып, мені аяусыз ұра бастады. Күш қолданып соққы астына алды»
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Түркістан облысы Жетісай ауданының 22 жастағы тұрғыны полицейлер өміріне қауіп төндіргенін айтып шағымданған, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Түркістан облысы Жетісай ауданының 22 жастағы тұрғынының айтуынша, 2019 жыл 26 қыркүйек күні сағат 17.00 шамасында оны полиция қызметкерлері себебін түсіндірместен бөлімшеге алып кеткен және өздері жұмыс істейтін бөлменің есігін ішінен іліп алып, жігітті ұрып-соққан. Оған қоса, қоқан-лоқы көрсетіп, аяусыз соққының астына алған көрінеді.
«Өздерінің талаптарын қойып, мені аяусыз ұра бастады. Күш қолданып соққы астына алды. Талаптарымен келісіп мен полиция бөлімшесінен шықтым. Ертесіне 27 қыркүйек күні Жетісай аудандық прокуратурасына мен өз құқымның бұзылғаны жайлы полиция қызметкері Каленов Ғанидің үстінен арыз қалдырдым. 26 қыркүйек күні болған жағдай менің денсаулығыма кері әсерін тигізді. Өміріме қауіп төндіретін қоқан-лоқы көрсетті», - дейді жәбірленуші Талғат Сәрсенбайұлы ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевқа жолдауында.
видео: Елена Семенованың әлеуметтік желідегі парақшасынан
Сондай-ақ, Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған жәйт бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанын, іс материалдарының ҚР сыбайлас жемқорлықпен күрес Ұлттық бюросына өткізілгенін мәлімдеді.
«Түркістан облыстық полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасына Жетісай аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерінің іс-әрекетіне қатысты жергілікті тұрғын шағымданған. ҚР ҚК нің 146 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Түркістан облысы полиция департаменті өзіндік қауіпсіздік басқармасы іс материалдарын сыбайлас жемқорлықпен күрес Ұлттық бюросына берді», - деп хабарлады полиция департаментініңң ресми өкілі Салтанат Қаракөзова.
Айта кетейік, бейресми дереккөздерге сүйенсек, жәбірленуші жігіт осының алдында екі рет ұрлық жасап, қылмыстық жауапкершілікке тартылған көрінеді.