Түркістандықтар биыл толықтай табиғи газбен қамтылады

0
1 057

Бүгінде қаланы газдандыру 65 пайызды құрап отыр.


Түркістандықтар биыл толықтай табиғи газбен қамтылады

Газбен қамту жұмыстары қараша айында аяқталады деп жоспарланған, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

2020 жылы Түркістан қаласында газ құбырлары 100 пайыз жүргізіліп, әр үйге берілетін болады. Сол себепті, жауапты мамандар халықтың газ құбырларын үйіне кіргізу үшін сенімді мердігер мекемелердің қызметіне жүгінуі мақсатында насихат жұмыстарын күшейтіп жатыр.

"Қаланың экологиясын білесіздер. Халыққа берген уәдені орындау керек. Орындай алмайсыздар ма, қызметті босату қажет. Сондықтан, биыл көмір жақпайтындай жағдайды жасаңыздар", - деген Рашид Абатұлы апталық мәжілісте қала тұрғындарының өздері ұсыныс беріп, жылдам қосылу үшін жұмысты ширату қажеттігін ескертті.

Бүгінде қаланы газдандыру 65 пайызды құрап отыр. Жалпы, ГРП-6, 7, 8 («Ыждыхат» тұрғын үй массиві) бен ПГБ 2, 3 («Шавгар» мөлтек ауданы және «Ортақ» тұрғын үй массиві) осы ай соңында және ГРП 2,3 («Тұран» тұрғын үй массиві) және 4,5 («Бірлік» тұрғын үй массиві) тамыз айы ішінде, ПГБ-4 («Отырар» ықшамауданындағы Шипасу маңайы, «Шавгар» мөлтек ауданы аумағы, Қызылорда тасжолы бойындағы «Сауран» және «Яссы» мөлтек аудандары) қазан айының соңында, ПГБ-1 («Шавгар» (РМЗ аумағы), Теміржол вокзалы аумағы, қаланың орталық бөлігі (базар, Т. Бокин және т.б) қараша айында аяқталады деп жоспарланған.