Түркістанның әкімі көлігін емханаға берді

0
840

Рашид Аюпов кеше вирустан айыққанын мәлімдеген.


Түркістанның әкімі көлігін емханаға берді

Түркістан қаласының әкімі қызметтік көлігін емханаға өткізген, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Түркістан қаласы әкімінің баспасөз хатшысы: "Коронавирус инфекциясын жұқтырғаны расталып, үйінде оқшауланып отырған азаматтардың денсаулық жағдайын бақылап тұру және тест сынамаларын алу мақсатында Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюповтың қызметтік көлігімен бірге, жалпы әкімдік қызметкерлерінің 6 қызметтік автокөлігі медицина қызметкерлері үшін берілді" - деп мәлімдеді. Өз кезегінде, бұл игі іс жедел жәрдем қызметі жетіспей жатқан кезеңде бір адамға болсын пайдалы болары анық.

Айта кетсек, күні кеше рухани астананың басшысы Рашид Абатұлы өзінің коронавирус індетінен айығып шыққанын мәлімдеп, өзін емдеген дәрігерлерге алғысы шексіз екенін жеткізген еді. Сонымен қатар, барша отандастарды карантин талаптарын қатаң сақтауға шақырған.

«Басымнан өткен қиындықтар тірі жанның басына бұйырмасын деп тілеймін. Осы ретте, барынша сақтық шараларын орындау қажеттілігін тағы бір мәрте естеріңізге салуға рұқсат етіңіздер. Ең маңыздысы: бетперде, достар! Арақашықтық! Тазалық! Өтініш, “сақтанғанды сақтайды” демекші сақ болыңыздар! Жасы үлкендерді барынша қорғап қалуға тырысайық!» - дейді қала әкімі өз сөзінде.

Қазіргі уақытта Түркістан облысында КВИ мен тұмау асқынып, тұрғындар пандемия және пневмониямен қатар күресіп жатқаны белгілі. Осы жағдайға байланысты көптеген іс-шаралар жүргізіліп, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және бағаның тұрақты болуы басты назарға алынған. Осы мақсатта арнайы мониторингтік топтар да құрылып, дәріханаларды үздіксіз бақылауда ұстап келеді.