Онымен бірнеше рет жыныстық қатынасқа түскен.
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Түркістан облысында тағы бір зорлық көрсету дерегі тіркелді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты адам зорлау фактісі бойынша қылмыстық іс қарады.
Сот мәлімдеген ақпаратқа сүйенсек, Түркістан облысының аумағында сотталушы У. кәмелет жасқа толмаған жәбірленуші С.-ның он кәмелет жасқа толмағанын біле тұра, онымен бірнеше рет жыныстық қатынасқа түскен. Онымен қоймай, жыныстық қатынасқа түскен сәтте жасырын жазылған видеоны жарияламау үшін қыздан ақша талап еткен. Содан соң, жасөспірім қыз қомақты қаржыны тауып бере алмағандықтан порнографиялық материалдарды заңсыз таратып жіберіп, жәбірленуші С.-ның ар-намысына нұқсан келтірген. Өкінішке қарай, жәбірленуші бұл жағдайды көтере алмай, өзіне-өзі қол жұмсаған.
«Оның кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, сараптама қорытындыларымен, оқиға болған жерді қарау хаттамаларымен, беттестіру және заттай дәлелдемелермен дәлелденген», - деп мәлімдеді облыстық соттық баспасөз хатшысы.
Ресми дерекке сүйенсек, прокурор айыпты қолдап, түпкілікті сотталушы У.-ды педагогикалық және кәмелетке толмағандармен жұмыс жасау құқығынан айыра отырып, 7 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыруды және қылмыстық атқару жүйесін қауіпсіздігі орташа мекемеде өтеуді сұраған. Сотталушы кінәсін толық мойындаған.
«Сот үкімімен сотталушы У.-ды ҚР ҚК-нің 105-бабы, 3-бөлігі, 122-бабы, 3-бөлігі, 1–тармағымен ҚК-нің 58-бабының 3-бөлігіне сай, түпкілікті педагогикалық және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты қызметпен айналысу құқығынан 2 жылға айыра отырып, 7 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру, қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемелерінде өтеу түріндегі жаза тағайындалған. Үкім заңды күшіне енбеген», - делінген хабарламада.